Назарбаев Университеті депутаттар алдында есеп берді
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутаттар Назарбаев Университетінің 2025 жылғы есебін тыңдады.
Университет есебі мен жаңа стратегиясын депутаттарға Назарбаев Университеті президенті профессор Вакар Ахмад таныстырды. Оның айтуынша, «Қазақстаннан шыққан әлемдік деңгейдегі университет» стратегиясында қазақстандық білім саласын халықаралық деңгейде ілгерілетуге басымдық берілген.
— Назарбаев Университеті — еліміздің білім беру саласындағы флагманы және мақтанышы. Мұндағы білім сапасы мен ғылыми әлеуетті сақтап қалу — мемлекеттік маңызы бар міндет. Университеттің бірегей зертханаларын, инфрақұрылымын және ғылыми әлеуетін тек «өмір сүру» деңгейінде емес, даму деңгейінде қаржыландыру қажет, — деп Асхат Аймағамбетов университеттің ашық болуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Университетке деген сенімнің жоғары екенінің бірден-бір дәлелі — оқуға түсуге өтініш берушілер санының жыл сайын артуы. Президенттің мәліметінше, биылғы мамыр айында 12 мың талапкер өтініш тапсырған. Сондай-ақ әлемдегі саяси тұрақсыздыққа байланысты жақын және алыс шет елдерден Назарбаев Университетіне ауысқан студенттер саны да көбейіп келеді.
— Қазақстанда цифрлық трансформация, жасанды интеллект және тұрақты инфрақұрылымды дамыту ұлттық басымдықтар ретінде айқындалды. Мемлекет басшысы белгілеген осы бағыттарға сәйкес, биылғы тамыз айынан бастап Назарбаев Университеті жаңа Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебін (SCAI) іске қосады. Мектептің қызметі компьютерлік ғылымдар, робототехника, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект салаларына бағытталады. Университет еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауды мақсат етеді, — деді Вакар Ахмад.
Оған қоса қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда мемлекет тарапынан Назарбаев Университетіне түсу үшін талапкерлерге бөлінетін гранттар университет кірістерінің құрылымында 50%. Университет басшылығының айтуынша, бүгінде жоғары оқу орны демеушілік қаражат тарту, ақылы білім беру қызметтерін ұсыну және халықаралық ғылыми гранттар есебінен қаржылық дербестікке ұмтылып отыр.
Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, университетке түсуге ниеттілер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Биыл бакалавриат гранттарына конкурс бір орынға 10 адам. Тіпті ақылы оқуға да барлық талапкерге орын жетіспей жатыр.
Бұл Назарбаев Университетіндегі білім сапасы мен түлектердің еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие екеніне байланысты. Есеп деректеріне сәйкес, түлектердің 98%-ы оқу бітірген алғашқы жылдың ішінде жұмысқа орналасады. Ал 12 мың түлектің 92%-ы Қазақстанда қалып, еңбек етеді.
Баяндаманың барысында университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарғаны айтылды. Атап айтқанда, Times Higher Education рейтингінде университет әлемдік оқу орындары арасында жоғары позицияға ие болып, Орталық Азия мен Кавказ өңірінде бірінші орынға шыққан. Сондай-ақ ТМД елдері университеттері арасында төртінші орынды және түркі мемлекеттері жоғары оқу орындары арасында жетекші позициялардың бірін иеленген.