Қазақстандық төрт жоғары оқу орны Times Higher Education рейтингіне енді

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы әлемдік университеттердің пәндік рейтингі жарияланды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Назарбаев Университеті
Фото: Назарбаев Университеті

Рейтингіде 11 пәндік сала бойынша мыңдаған жоғары оқу орындары ұсынылған.

Төрт жетекші қазақстандық жоғары оқу орны Nazarbayev University (NU), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен Сәтбаев университеті 9 бағытта орын алды.

Nazarbayev University Times Higher Education жаңа рейтингісінде «Білім беру» бағыты бойынша әлемнің үздік оқу орындарының қатарына енді.

Бағаланатын 11 бағыттың ішінде NU-дың 9 бағдарламасы үздік 500-ге жетті. Рейтинг университеттерді оқыту, ғылыми қызмет, зерттеу сапасы, индустриямен ынтымақтастық және интернационалдандыру дәрежесі сияқты негізгі критерийлер бойынша бағалайды. Сондай-ақ NU білім беру саласындағы әлемдегі үздік 200 университеттің қатарына кіріп, Орталық Азия көшбасшыларының біріне айналғанын атап өткен жөн.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек NU Жоғары білім және медицина мектебінің қызметкерлері мен студенттерін рейтингтегі үздік нәтижелерімен құттықтады.

«Times Higher Education 2025 пәндік рейтингі бойынша білім беру саласындағы үздік 200 әлемдік көшбасшыларының қатарына енгендеріңіз құтты болсын! Бұл жетістік сіздердің кәсібиліктеріңіздің, адалдықтарыңыздың және академиялық белсенділіктеріңіздің айқын дәлелі», – деп атап өтті ол.

2024 жылы NU алғаш рет 501-600 диапазонында орын алып, THE беделді рейтингіне енді.

Сондай-ақ басқа қазақстандық жоғары оқу орындарының жетістіктерін де атап өткен жөн. Times Higher Education by Subject пәндік рейтингінің қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ да 11 бағдарламаның 9-ы бойынша позицияларды иеленді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алғаш рет «Білім беру» бағыты бойынша 501-600 орын алды. ҚазҰУ «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағытында 501-600 орынға, «Әлеуметтік ғылымдар» бойынша 601-800 орынға орналасты. Сонымен қатар «Бизнес және экономика», «Медицина» пәндері бойынша 601-800 орындағы өз позициясын сәтті сақтап, «Өмір ғылымдары» бағытында 801-1000 орынға көтерілді.

2025 жылға арналған пәндер бойынша университеттердің әлемдік рейтингінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» және «Компьютерлік ғылымдар» пәндері бойынша 601+ санатында. ЕҰУ-дың екі жаңа пәні – «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» және «Компьютерлік ғылымдар» пәндері биыл алғаш рет осы рейтингке енді.

2025 жылғы серпіліс Сәтбаев Университеті болып отыр, ол «Инженерия» (1250+ орын) және «Физика» (1000+ орын) атты екі бағдарламасы бойынша орын алды.

Осыған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі сапасыз білім беретін ЖОО-ларды қысқарту жалғасатынын аййтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар