Назарбаев Университеті 2013 жылы 90 мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттырмақшы
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі ҚР мемлекеттік қызметшілердің басшылық құрамына арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы бойынша тыңдаушылардың жаңа топтарын оқыта бастады. Биыл басшылық құрамның 90 мемлекеттік қызметшісі мектепте білім алатын болады.
Аталған курс бағдарламасына осы жолы зейнетақы жүйесін жаңғырту, қаржы менеджментін жүргізу, адам капиталын дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және инновацияларды енгізу мәселелері кіріп отыр. «Курстың оқу бағдарламасы Қазақстанның қажеттілігін ескере отырып, еліміздің үкімет тарапынан берілген ұсыныстарға сәйкес әзірленген болатын. Біз теорияны практикамен үйлестіреміз. Оқу барысында біздің тыңдаушыларымыз халықаралық тәжірибеден алынған нақты кейстерді зерттейтін болады», - деп атап өтті Бағдарламаның лекторы, Джон Ф. Кеннеди атындағы Гарвардтың мемлекеттік басқару институтының профессоры Фади Фара.
Сонымен қатар Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі мемлекеттік саясат саласындағы екі жылдық магистратура бағдарламасына талапкерлерді қабылдау жұмыстарын бастады. Мектептің стратегиялық әріптесі Сингапурдың Ұлттық Университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі болып табылады.
Магистратура бағдарламасы ең алдымен жас кәсіпқойларға бағытталған. 2013 жылы магистранттарға оқу, Астана қаласында тұру шығындарын, сондай-ақ Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің базасында өтетін үш апталық оқу модулін қамтитын 20-ға жуық мемлекеттік білім беру гранттары бөлініп отыр. Сондай-ақ студенттер ай сайын стипендия алатын болады. Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін жүргізіледі. Назарбаев Университеті мен Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің өкілдерінен құралған қабылдау комиссиясы үміткерлерді іріктейтін болады.
Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде атап өткендей, Назарбаев Университеті еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы басшыларды оқытумен бірге жаңа кәсіпқойларға халықаралық деңгейдегі білімді ұсына отырып, мемлекеттік сектордағы ұлттық кадрларды дамытуға өзінің елеулі үлесін қоспақшы.