«Назарбаев Университеті» 34 инновациялық жобамен айналысуда
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - «Назарбаев Университеті» қазақстандық ғылымды дамытудың қозғаушы күшіне айналып отыр.
Бүгінде жоғары оқу орнында сынақтан өткізіліп жатқан ғылыми жобалар кейіннен инновациялық өндіріске енгізілетін болады. Университетте жаңартылатын энергия, жел энергиясы, ақпараттық технология, мехатроника және робототехника, клиникалық емхана және т.б. салалар бойынша зерттеулер жүргізілуде, деп хабарлады pm.kz сайты.
«Назарбаев Университетінің төңірегінде трансферт пен жаңа технологиялар құруға ықпал ететін инновациялық-зияткерлік кластер қалыптасуы тиіс. Астанада жоғары технологиялы кәсіпорындар құра отырып, біз бұл тәжірибені Қазақстанның басқа да ғылыми-білім беру орталықтарына тарататын боламыз»,- деді Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Қазіргі таңда «Назарбаев Университетінде» ғылыми қызметпен үш зерттеу орталығы: Білім саясаты орталығы, Тіршілік туралы ғылымдар орталығы, Энергетикалық зерттеулер орталығы, сондай-ақ Ғылым және технологиялар мектебі, Инженерия мектебі және Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі айналысуда.
Жоғары оқу орнында жаңартылатын энергия, жел энергетикасы, ақпараттық технологиялар, мехатроника және робототехника, қоршаған ортаны қорғау, физикалық химия, электрохимия, клиникалық медицина, биомедицина және т.б. салалар бойынша зерттеулер жүргізілуде. Ағымдағы жылы гранттық зерттеу жобаларын іске асыру жұмысы басталды, оқу орнында барлығы 34 ғылыми жоба іске асырылуда.
Тіршілік туралы ғылым орталығында дәрілік заттардың клиникалық жүйесін құру жөніндегі зерттеулер жүргізілуде. Бұл жоба ауыр инфекциялар жағдайында антибиотиктерді нысаналы жеткізудің жаңа жүйесін құруға мүмкіндік береді. Оған қоса, балалардың тыныс ауруларын емдеудің жаңа әдісі, шарананың дамуындағы тежелуді түзетудің мүмкіндігі зерттелуде.
Ал Энергетикалық зерттеулер орталығында елімізде әлеуетті қолданылатын зияткерлік энергетикалық желілерге арналған технологиялар зерттелуде, екінші және үшінші буын фотоэлементтерін зерттеу зертханалары құрылуда, Қазақстанның энергетикалық жүйесінің моделі жасалуда.
Ал Білім саясаты орталығы Қазақстанның жалпы білім беретін орта мектептері мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын үйлестірумен айналысады, әлеуметтік-экономикалық жаһандану жағдайындағы білім мен ғылым жүйесінің интернационалдану үрдісіне талдау жүргізеді.
Айта кету керек, бұл ғылыми жобалармен жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдар өз салаларында көшбасшы болып табылатын әлемдік ғылыми орталықтармен бірлесіп айналысуда.
Жалпы алғанда, инновациялық білім және ғылым жобаларын енгізудің арқасында «Назарбаев Университеті» әлемдік зерттеу университеттерінің үздік тәжірибесіне сай келетін ғылыми қызметті өрістетуде. Ғылыми зерттеулерді дамыту Қазақстан үшін жаңа білім жүйесін құруға және отандық ғылымды халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.