Назарбаев университеті Алматы мектептеріне білім сертификатын тапсырды

АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Назарбаев университетінің өкілдері Алматыдағы № 165 техникалық лицей мен №134 гимназияға «Сіздердің биік жетістіктеріңіз-Сіздердің шәкірттеріңіз» атты сапа сертификатын тапсырды.

Назарбаев университеті Алматы мектептеріне білім сертификатын тапсырды

Естеріңізге сала кетейік, 2009-2010 оқу жылы Назарбаев университетіне оқуға түскен студенттердің білім алу нәтижесі бойынша қазақстандық мектептердің рейтингі әзірленген болатын. Бұл рейтинг бойынша Ақтөбе қаласындағы ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне - бірінші, Алматы қаласындағы № 165-ші техникалық лицейіне - екінші, №134-ші гимназияға - үшінші орын берілген болатын. Бірінші орын иегері Ақтөбе қаласындағы ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне аталған сертификат 5 ақпанда тапсырылған болатын.

Сертификатты тапсырған Назарбаев университетінің өкілі Қадиша Дайырованың айтуынша, рейтинг бойынша 10 мектеп анықталған. Оның алғашқы үштігіне сертификат тапсырылып отыр. «Сертификат 2009-2010 оқу жылы Назарбаев университетіне түскен оқушылардың саны мен олар көрсеткен білім сапасына қарай бағаланып отыр. Мысалы бүгін 2-орын сертификатын алған № 165-ші техникалық лицейдің 5 оқушысы университеттің үздік студенті», - деді ол.

Техникалық лицейдің директоры Ербол Баековтың айтуынша, Назарбаев университетінің сертификаты биыл құрылғанына 20 жыл толатын білім ордасы ұстаздарының еңбегіне көрсетілген құрмет. «Біздің оқушыларымыз тәуелсіздік алған жылдары шет елге оқуға аттанатын. Кейін шет елдік білім деңгейіне сай ҚБТУ, ІТ-университет құрылған соң осы оқу орындарына шақырту ала бастады. Былтырғы жылдан бері Назарбаев университетінде білім алуда. Барлық оқу орнында біздің түлектеріміз жоғары білім сапасын көрсетуде. Соның куәсі - бүгінгі сертификат», - дейді мектеп директоры.