Назарбаев Университеті бакалавриат бағдарламасына оқуға қабылдауды бастады
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Назарбаев Университеті талапкерлерді бакалавриат бағдарламасына, сондай-ақ басқа жоғары оқу орындарынан ауысу арқылы оқуға қабылдау жұмыстарын бастады.
Талапкерлерді тіркеу жұмыстары ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін жалғасады. Қабылданған студенттер оқуларын 2013 жылдың күзінде бастайтын болады. Бұл туралы университеттің Коммуникация және маркетинг департаментінен мәлім етті.
«Былтыр талапкерлерімізге алғаш рет тікелей түсу - Direct admission және басқа ЖОО-лардан ауысу - Transfer Students Admission бағдарламалары бойынша мүмкіндіктер ұсындық. Нәтижесінде 27 жас оқуға қабылданды, екі студент Алматы және Петропавл қалаларындағы жоғары оқу орындарынан ауысып, өз оқуларын жалғастырды», - деп атап өтті Назарбаев Университеті Қабылдау департаментінің директоры Динара Ашықбаева.
Былтыр аталмыш ЖОО Университеталды дайындық бағдарламасы (Foundation) бойынша оқытусыз, бакалавриат бағдарламасына студенттерді тікелей қабылдай бастады. Оқуға түскісі келетіндер үшін Оқуға қабылдау ережелері мен нұсқаулықтар университеттің сайтында орналастырылған. Барлық талапкерлерге онлайн-тіркеуден өту қажет. Университет халықаралық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына оқуға түсудің арнайы шарттарын биыл да ұсынып отыр.
Бүгінгі күні Назарбаев Университетінде 1500-ге жуық студент білім алуда. Университеттің алты мектебі бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша академиялық бағдарламаларды ұсынады.