Назарбаев Университетi базасында инновациялық кластер құрылды

Жуырда Назарбаев Университеті базасында Astana Business Campus Инновациялық кластері құрылды. Аталмыш кластер «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасының 63-ші қадамына сәйкес еліміздің ғылымды қажетсінетін экономикасын қалыптастыруға негіз болады. Инновациялық кластер Қазақстанда инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыртылуы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы мәселесін бірінші басымдық ретінде белгілеген болатын. Аталған міндетті жүзеге асыру үшін Назарбаев университеті өзінің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстарын жүзеге асыруда.
Назарбаев университетінде құрылған Astana Business Campus Инновациялық кластердің басты мақсаты - озық технологиялар мен жобаларды трансферттеу және коммерцияландыру үшін ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет субъектілерін біріктіру болып табылады. Сондай-ақ, ол Қазақстанда инновациялық кәсіпкерлікті дамыту үшін алаңдар құруды көздейді.
Бүгінгі таңда Инновациялық кластердің базасында Коммерцияландыру офисін, Технопаркті және Бизнес Инкубаторды қамтитын жобаларды коммерцияландыру жүйесі құрылды. Бұл жүйе инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, олардың нарыққа шығу жолын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Жобаларды іске асырудың басымды салалары: робот техникасы және АT, биомедицина, энергия тиімділігі, жаңа материалдар. Қатерлі ісіктердің термиялық абляциясын өлшеуге арналған оптикалық-талшықты температура сенсорын коммерцияландыру. Бүгінгі күні 10 инновациялық компания Технопарктің резиденттері болып табылады, олардың арасында Университет базасында құрылған стартаптар бар.
Astana Business Campus - бұл ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге және технологиялық міндеттерді шешуге арналған, пайдалануға қолайлы заманауи үй-жайлар кешені.
Айта кетейік, 2016 жылы Бизнес-инкубаторда Назарбаев Университетінің «ABC Quick Start - 2016» инновациялық жобалар акселерациясының алғашқы бағдарламасы өткізілген болатын. Ал осы жылы Астана қаласы Әкімдігінің және «Astana Innovations» АҚ-тың қолдауымен екінші акселерациялық бағдарлама өткізіледі. Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысу үшін 94 өтінім келіп түсті. Айта кету керек, олардың арасынан 11 өтінім акселерациялық бағдарламадан өтуге іріктеліп алынды. Ааталған бғдарламаның негізгі мақсаты - венчурлық компаниялар, корпорациялар, мемлекеттік тапсырыс берушілер және, тұтас алғанда, қоғам үшін маңызды жоғары технологиялық жобалар санын өсіру есебінен Назарбаев Университеті аумағында инновациялық ортаны дамыту болып табылады.