Назарбаев Университеті қамқоршылық кеңесі жоғары оқу орнының 2010 жылғы жеке және шоғырландырылған қаржылық есептілігін бекітті

АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат. Назарбаев Университеті қамқоршылық кеңесі жоғары оқу орнының 2010 жылғы жеке және шоғырландырылған қаржылық есептілігін бекітіп, университеттің әлеуметтік саясаты мен инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мәселелерді талқылады.

Назарбаев Университеті қамқоршылық кеңесі жоғары оқу орнының 2010 жылғы жеке және шоғырландырылған қаржылық есептілігін бекітті

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Назарбаев Университеті қамқоршылық кеңесінің екінші кездесуінде осы мәселелер талқыланды. Қамқоршылық кеңес дербес білім беру ұйымы мәртебесіне ие болып отырған жоғары оқу орнының басқару органы болып табылады. Кеңес 10 адамнан құрылған, университет қамқоршылық кеңесінің тұңғыш және қазіргі төрағасы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов болып табылады.

«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес Назарбаев Университетінің осындай принциптері жарияланған: дербестік және өзін-өзі басқарушылық; академиялық еркіндік; білімнің, ғылым мен өндірістің интеграциясы; шешімдер қабылдаудың алқалылығы; әлеуметтік жауапкершілік және айқындық.