Назарбаев Университеті магистрлік бағдарламаларға талапкерлерді қабылдай бастады

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Назарбаев Университеті магистрлік бағдарламаларға алғаш рет талапкерлерді қабылдау жұмыстарын бастады. 2013 жылы Жоғары бизнес мектебі мен Жоғары білім беру мектебі студент-магистранттарды қабылдайтын болады, деп хабарлайды оқу орнының Коммуникация және маркетинг департаментінен.

Назарбаев Университеті магистрлік бағдарламаларға талапкерлерді қабылдай бастады

Сонымен, Жоғары бизнес мектебі «Басшыларға арналған бизнес-әкімшілік ету» бағдарламасы бойынша (Executive MBA) оқытуды ұсынып отыр. Executive MBA бағдарламасы бойынша оқыту коммерциялық негізде жүргізілетін болады. Қабылданған студенттер оқуларын 2013 жылы бастайды. Жоғары бизнес мектебінің әріптесі Дьюк Университетінің Фукуа бизнес мектебі (АҚШ) болып табылады.

Өз кезегінде, Жоғары білім беру мектебі «Білім беру саласындағы ғылым магистрі» бағдарламасына құжаттарды қабылдай бастады. Жоғары білім беру мектебінің бірінші оқу семестрі ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады. Мектептің екі халықаралық әріптесі бар - Пенсильвания Университеті (АҚШ) және Кембридж Университеті (Ұлыбритания). Мектеп осы бағдарлама бойынша оқу гранттарын ұсынады.

Сонымен қатар Назарбаев Университеті 2013-2014 оқу жылына Дайындық орталығына талапкерлерді қабылдау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тіркеу университеттің сайтында 2012 жылғы 1 қарашада басталды және 2013 жылғы 30 қаңтарда түн жарымда аяқталады. Ағылшын тілін меңгеру бойынша талапкерлер үшін алғашқы емтихан Астана және Алматы қалаларында ағымдағы жылдың ақпан айының басында өтеді. 2013 жылғы 17 қаңтардағы жағдай бойынша 9 елден 2300-ден астам өтінім келіп түсті.

Өтінімдер Қазақстанның барлық аймақтарынан келіп түсіп жатыр. Тіркелген талапкерлердің саны бойынша бірінші орында Астана қ. (19,5 %), содан кейін Алматы қ. (18%) және Шығыс Қазақстан облысы (10%). Сондай-ақ Албаниядан, Үндістаннан, Қытайдан, Қырғыз Республикасынан, Ресей Федерациясынан, Америка Құрама Штаттарынан және Өзбекстаннан 13 өтінім келіп түсті. Талапкерлерді тіркеу университет порталы арқылы жүргізіледі.

Таңдап алынған факультеттердің ішінде алдыңғы қатарда Инженерия мектебі (математика және физика), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (арнайы пәндік емтихандар - математика және сыни ойлау), Ғылым және технологиялар мектебі (математика және физика). Талапкерлердің 51% қыздар. Сонымен қатар 2013 жылдың наурызында Назарбаев Университеті бакалавриат бағдарламасына тікелей түскісі келетін, сондай-ақ басқа да университеттерден ауысқысы келетін студенттерді де қабылдайтын болады.

2012 жылдың күзінде 506 талапкер Назарбаев Университетінің Дайындық орталығында (Foundation бағдарламасы) оқуларын бастады. Сондай-ақ 31 адам бакалавриат бағдарламасына түсті және Петропавл мен Алматының университеттерінен келген екі студент өздерінің дайындық деңгейлерін растады және Назарбаев Университетіне оқуға қабылданды.

2013-2014 жылы мемлекет Назарбаев Университетінің Дайындық орталығында оқуға 500 грант бөліп отыр. Сонымен қатар, 2013 жылдың наурызында университет тікелей оқуға түскісі келетін және басқа университеттерден ауысқысы келетін үміткерлерге, сондай-ақ гранттық негізде талапкерлерге тіркеуді бастайды.

Назарбаев Университеті Коммуникация және маркетинг департаменті:

010000, Астана, Қабанбай батыр даңғылы, 53, каб.1115

+7(7172)706090, 706087, 706089, 706131

pressa@nu.edu.kz, www.nu.edu.kz