«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Интеллектуалды мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы заң жобасы көшпелі отырыста талқылануда
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері Астанадағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» АҚ-ы ғимаратында көшпелі отырыстарын өткізуде.
Аталған жиын барысында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқылануда.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың биылғы жолдауына сәйкес әзірленген болатын. Жолдауда Мемлекет басшысы Астанада түлектерге ерекше қабылдау шарттары мен айрықша қойылатын талаптары бар беделді инженерлік-ғылыми оқу орнын құруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Елбасы тиісті заң жобасын Парламентке енгізу міндетін алға қойған еді. Осыған орай, «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» қызметі үшін заңнамалық негіз жасау қазіргі кезде қолданылып жүрген «Болашақ» халықаралық президенттік бағдарламасының қисынды жалғасына айналады және Қазақстан Республикасының индустриялдық-инновациялық дамуының міндеттерін шешу үшін ұлттық инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлауда сапалы серпіліс жасалуын қамтамасыз етеді.
Заң жобасы білім беру саласында қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізуге, университеттің, зияткерлік мектептердің инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті академиялық еркіндігі мен дербестігін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге білім беру саласында ең үздік әлемдік практиканы ескере отырып, жаңа білім стандарттарын енгізуге жағдай жасауға бағытталған.
Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Интеллектуалдық мектептері» үшін ерекше ұйымдастырушылық-құқықтық форма құрылатын болады. Құжат Университет пен мектептер үшін ерекше ұйымдастырушылық-құқықтық форманы - білім берудің автономды коммерциялық емес ұйымын құруды көздейді.