«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» құжат Сенаттың жалпы отырысында талқыланады
АНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Әлеуметтік - мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланды.
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ортаға салды.
Отырыста аталмыш заң жобалары бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековтің айтуынша, құжат Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауында айтылған және еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарындағы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында дайындалған. «Сонымен қатар заң жобасы университеттер мен зияткерлік мектептердің кең ауқымды дербестігі мен академиялық еркіндігін дамытуды көздейді. Бұған қоса құжатта білім беру саласындағы ең үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңа білім беру стандарттарын енгізу үшін қажетті жағдайлар жасау мәселесі қарастырылған», - деді вице-министр.
Құжат Парламент Сенатының жалпы отырысында талқыланатын болды.