Назарбаев университетінде робот-сканер пайда болды

АСТАНА. 27 наурыз. Ақпарат - Назарбаев университетінің кітапханасына толығымен роботтандырылған сканер орнатылды.

Назарбаев университетінде робот-сканер пайда болды

Бүгін университет қабырғасында өткен семинар барысында аталмыш заманауи сканерді жеткізуші «Элар» компаниясының маркетинг бойынша директоры Петр Плотников технологиялық кешеннің жұмысымен таныстырды.

Автоматтандырылған робот-сканер студенттер мен ұстаздарға кітаптардың, газет-журналдардың электрондық көшірмелерін жасауға мүмкіндік береді.

П. Плотниковтың айтуынша, ЭЛАРобот P-2 автоматтандырылған сканер құрылғысы бірнеше ғасыр бұрын жарыққа шыққан ең көне кітап жәдігерлердің өзіне еш зақым тигізбей, электронды нұсқаға көшіріп алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сағатына 2,5 мың бет сканерлеп, бірнеше миллион кітап пен құжат қорын электронды жүйеге жылдам аударуға күші жетеді. Бұл сандық контентті құруға кететін уақытты 5 есеге дейін үнемдейді. Сондықтан қазіргі уақытта ол Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада және Ұлттық мұрағатта кеңінен қолданылуда.

Бұл робот «электрондық үкімет» ақпараттық жүйесін құруға да пайдаланылып отыр. Мәселен, былтыр елдегі 7 әкімдіктің бірыңғай ақпараттық және мұрағаттық жүйесін жасауға осы сканер пайдаға жараған. 

Биыл Қазақстанның «электрондық үкіметі» аясында кітапханаларды ақпараттандыру жобасы құрылатын болады. Жоба шеңберінде елдің басқа да қалаларында орналасқан кітапханаларды ақпараттық технологиялармен жабдықтап, олардың электронды контентінің бірыңғай орталығын құру көзделуде.

«Мұның барлығы кез келген азаматқа, әрбір зерттеушіге «электрондық үкімет» бағдарламасы аясында интернеттен тікелей түпдеректерді еркін алуына мүмкіндік жасау үшін қолға алынуда», - дейді П. Плотников.

Ресейде мұндай құрылғылардың 5 данасы, Украинада - 1 және Еуропада тек оншақты данасы ғана бар. Қазақстанда шамамен 15-тен астам нысан аталған электронды құрылғылармен қамтамасыз етілген.

«Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында технологиялық даму деңгейі бойынша және электронды үкіметті құру саласында сөзсіз көш бастап келеді. Мен РФ ақпараттық үкіметін құру бойынша үкіметтік комиссияның мүшесі болып табыламын. Осы уақытқа дейін мен өз баяндамаларымда Қазақстанның тәжірибесін мысалға алуға және озық заңнамасын үлгі етуге мәжбүрмін», - деп атап өтті П. Плотников.