Назарбаев Университетінде студенттерге арналған спорт алаңдары кешені ашылды
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінде 2 мамырда «Цеснабанк» АҚ-ның демеушілік қолдауымен студенттерге арналып салынған спорт алаңдары кешенінің ашылу рәсімі өтті,
деп хабарлады аталмыш оқу орнының Коммуникация және маркетинг департаментінен. Кешенге шағын футбол, гандбол, баскетбол, волейбол және теннис ойнауға арналған 8 спорт алаңы, сондай-ақ демалуға арналған алаң мен балаларға арналған алаң кіреді. Спорт алаңдарының жалпы көлемі 7270 шаршы метрді құрайды. Алаңдар музыкалық колонкалармен және жарықпен жабдықталған. Ал құрылыстарының инновациялық әдістемесі оларды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, қыс мезгілінде алаңды шағын футбол ойнауға (синтетикалық шөппен жабылған), хоккей ойнауға және коньки тебуге пайдалануға болады. Қалған алаңдардың едені акрилмен жабылған.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Цеснабанк» АҚ Басқарма Төрағасы Д.А.Жақсыбек және «Назарбаев Университеті» ДБҰ Атқарушы кеңесінің Төрағасы А.Б.Сәрінжіпов қатысты. Олар Назарбаев Университетінің студенттерін жаңадан пайдалануға тапсырылып жатқан спорт алаңдарының ашылуымен құттықтады және өткен оқу жылы спорт саласында ең үздік жетістіктер мен нәтижелер көрсеткен Университет студенттеріне грамоталар мен естелік сыйлықтарды тапсырды.
Атап айтқанда, Астана қаласының 12 жоғары оқу орнының студенттік командаларының арасында өткізілген спартакиадада шахматтан, үстел теннисінен, шаңғыдан, президенттік тестілерді тапсырудан, футболдан, баскетболдан, волейболдан жүлделі орынға ие болған Назарбаев Университетінің құрама командасы марапатталды.