«Назарбаев Университетінде» Жоғары білім мектебі ашылды

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысының интерактивті дәріс оқуы аясында «Назарбаев Университетінде» орта және жоғары білім беру менеджерлерін оқытатын Жоғары білім мектебі ашылды.

«Назарбаев Университетінде» Жоғары білім мектебі ашылды

Аталған мектеп университеттің стратегиялық серіктестері Кембридж Университеті мен Пенсильвания Университетінің қатысуымен құрылуда. Мектепке білім беру саласындағы жоғары білікті, білім беру саясатын талдауға және білім берудің инновациялық бағдарламаларын енгізуге қабылетті талдаушыларды,  сарапшылар мен басқарушыларды қалыптастырумен шұғылданатын Білім беру саясаты орталығы негізі болды.

Жоғары білім мектебінің деканы бұрын Коннектикут университетінің осындай мектебінің деканы қызметін атқарған Тимоти Рейган  pm.kz сайтына берген сұхбатында мұндай мектепті құру қазақстандық білім берудің барлық жүйелеріне оң ықпал ететінін атап айтқан.

«Назарбаев Университетінің» Жоғары білім мектебінің ерекшелігі оның білім беру саласындағы жетекшілер мен басқарушыларды даярлайтындығында. Мектеп мұғалімдерді емес, білім беру саясатын жасайтын менеджерлерді даярлайтынын баса атап көрсету қажет. Мектептің бүгінгі күнгі мақсаты - келесі жылдың күзінде біз өзіміздің орта және жоғары білім беру басқарушыларын даярлауға маманданатын магистрлік бағдарламамызға оқуға және көшбасшылардың жаңа ұрпағын өсіруге дайын болатын алғашқы студенттерді қабылдауымыз болып табылады», - деді Тимоти Рейган.

Сонымен қатар, Жоғары білім мектебінің басшысы қазір университетте докторантураның PhD бағдарламасының Тұжырымдамасы дайындалуды екенін жеткізді.

Өз кезегінде «Назарбаев Университетінің»  провосты Саймон Джонс Жоғары білім мектебі жоғары және орта білім беруді басқару саласының магистрлерін даярлаумен айналысатынын атап өтті.

«Жоғары білім мектебінің ерекшелігі сол, ол білім беру саласындағы жетекшілерді даярлаумен шұғылданады, әрі оның білім беру бағдарламаларын ғылымның барлық саласында  қолдануға болады. Сонымен қатар, мектеп қарапайым мамандарды емес, жоғары және орта білім беруді басқару саласындағы магистрлерді дайындайтынын ескеру қажет», - деді Саймон Джонс.