Назарбаев Университетіндегі бизнес мектебінің түлектері экономикамыздың дамуына үлес қосады

АСТАНА. ҚазАқпарат - МВА дәрежесін игерген мамандар бүгін Назарбаев Университетін тәмамдады, деп хабарлады www.24.kz.
None
None

Бұл бағдарламамен тек еңбек тәжірибесі мен жоғарғы білімі ұштасқан азаматтар ғана оқи алады. Кәсіби іскерлік саласындағы білім беруді дамыту қажеттігін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің даму бағдарламасында ерекше атап өткен болатын. Халықаралық стандарттарға сай тәлім алған менеджерлер экономикамыздың дамуына да енді елеулі үлес қоса алады. Бұлар - МВА дәрежесін иеленген 53 менеджер. Назарбаев Университеті жанынан құрылған жоғарғы бизнес мектебінің түлектері. Бірі - білдей бір кәсіпорынның басшысы, тағы бірі - топ-менеджер болуды мақсат тұтқан жас маман. Астанадағы жоғарғы бизнес мектебі үш жылдан бері магистрлік бағдарламаның екі түрі бойынша тәлім беріп келеді. Алғашқысы - компания жетекшілеріне арналған 20 айлық магистрлік бағдарлама. Екінші бағыт кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар жас мамандарға арналған. Жиында сөз алған оқытушылар еліміздің білім беру сапасын арттыруда Елбасының қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Осының нәтижесінде Назарбаев Университеті мен бизнес мектебінің абыройы ТМД аймағында көш бастап тұр. Ал мұндағы оқыту жүйесін әлемдік білім ордалары жоғары бағалайды.

«Түлектер алған білімдерін тәжірибеде тиісті деңгейде қолдана білсе, біздің бағдарламаның негізгі даму көрсеткіші де осы болмақ. Яғни Мемлекет басшысының қолдауымен әлемдік стандартқа сай білім алған жастар қолға алынған бағдарламаның алғашқы жемістері деп айтуға толық негіз бар. Инновациялық кәсіпорындардың басшылары тек білікті маман болып қана қоймай, ел экономикасын жетік меңгеріп, басқарудың тиімді тетіктерін білулері қажет, - дейді Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу.

Бизнес мектебіндегі оқытушылар құрамы беделді академиялық баспалардың редакторлары, ірі халықаралық бизнес компанияларының басшылары, жетекші мамандар мен білікті профессорлардан құралған. Солардың бірі - PhD дәрежесін меңгерген қаржыгер Марек Йохенц. Қазақстанға келгеніне аз уақыт өтсе де профессор біздің елдің мамандар нарығын тыңғылықты зерттеген.

«Қазақстанда экономиканың басым салаларында білікті кадрлардың тапшылығы байқалған шақта, бизнес мектептерінің маңызы зор», - дейді ұстаз. "Біздің студенттерге берген біліміміз тікелей олардың жұмыстарына қатысты. Мақсатымыз - кәсіптік менеджерлерді дайындау, білім алушыларға бизнес саласындағы жаңа білімді игеріп, орынды қолдануға, сонымен қатар көшбасшылық қасиеттері бар, ой-өрісі кең тұлғаларды тәрбиелеу", - деді Назарбаев Университеті жанындағы жоғарғы бизнес мектебінің профессоры Марек Йохенц.

Айта кетейік, бұл білім ордасы - АҚШ-тың белгілі Фукуа атындағы бизнес мектебімен серіктестік орнатқан алғашқы оқу орны. Сондықтан бұл оқу ошағы - кәсіпкерліктің жілігін шағатын білікті маман даярлауда таптырмас мектеп.

Соңғы жаңалықтар