Назарбаев университетіне 12 мемлекеттен 2468 талапкер тіркелді

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Назарбаев университетіне 2012 жылға 2468 талапкер тіркелді. Қазақстанмен қоса резидент елдердің тізіміне тағы 11 мемлекет кірді. Университет сайтында 2011 жылғы 9 қарашада басталған тіркеу 2012 жылғы 30 қаңтар күні түн ортасында бітеді.

Назарбаев университетіне 12 мемлекеттен 2468 талапкер тіркелді

Білім ордасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өтінімдер Қазақстанның барлық аймақтарынан және басқа елдерден келіп жатыр. Тіркелген кандидаттардың 21,5 пайызын - астаналықтар, 18,9 пайызын - алматылықтар, 8 пайызға жуығын - оңтүстікқазақстандықтар құрайды. Сонымен қоса, 21 сұраным АҚШ, Алжир, Армения, Ауғанстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Нигерия, Өзбекстан, Ресей Федерациясы мен Франция елдерінен түсті.

Таңдаған факульттердің тізімінде Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (пәндік емтихандар: математика және сыни тұрғыдан ойлау), Инженерия мектебі (математика және физика), Ғылым және технологиялар мектебі (математика және физика) бірінші орын алып отыр. 2468 талапкердің 1297-сі - қыз, 1171-і - жігіт.

«Назарбаев университеті естеріңізге салады: Университет 2012 жылы Foundation бағдарламасы бойынша оқыту жүргізбей-ақ, бакалавриат бағдарламасына тікелей оқуға қабылдайды. Осы талапкерлерді қабылдау ережелері мен онлайн-тіркеу жаңа жылда университет сайтында ашылады.  2011 жылы Назарбаев университетіне 4247 талапкер тіркелді, олардың 501-і студент атанып, ағымдағы жылдың күзінде оқуларын бастады. 2012 жылда Назарбаев университетінің Foundation бағдарламасында оқуға Қазақстан азаматтарына елімізде тағы 500 мемлекеттік грант бөлінуде», - делінген баспасөз хабарламасында.