Назарбаев университетіне басқа жоғары оқу орындарының студенттері ауысып жатыр

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Назарбаев университеті Қабылдау департаментінің директоры Динара Ашықбаева мәлім етті.
Оның хабарлауынша, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен КИМЭП-тің екі студенті Назарбаев университетіне түсу талаптарын орындап, аталған жоғары оқу орнына толығымен ауысты. «Бұл балалар ол жақта екінші курсты бітіріп келген. Енді, олардың қай курстан оқуды жалғастыратынын Қабылдау комиссиясы шешетін болады», - дейді Д. Ашықбаева. Жалпы, ағымдағы жылы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 27 студент Назарбаев университетіне ауысуға ниет білдірді.
Айта кетейік, биыл Назарбаев университетіне құжат тапсырған 4,1 мың үміткердің тек 506-сы ғана Назарбаев университетінің Дайындық орталығына қабылданды.