Назарбаев Университетіне біліміңді дәлелдей алсаң ғана түсесің - Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетіне түсірші деп маған да туыстарым келеді. Бұл туралы бүгін Ақордада отандық және шетелдік журналистермен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл білім министрлігі мемлекеттік гранттарды бөлуде көп былыққа жол берді. Мемлекеттік грантқа іліккен балалар оны ала алмай қалды. Одан кейін Білім министрлігі «Алтын белгісі» бар 200 баланың грантын алып қойып, оларды медициналық университеттердің есебінен оқытамыз деп уәде берді. Жеме-жемге келгенде «Алтын белгі» иегерлері өздері таңдаған мамандыққа түсе алмады. Одан қалды өздері таңдаған аймаққа бара алмай ветеринар болды, басқа аймаққа кетті. Жалпы депутаттардың өздері Білім министрлігі биылғы білім гранттарын заңға қайшы бөлді деуде. Сіз осыдан хабардарсыз ба?», - деп сұраған еді БАҚ өкілдері Елбасынан.
«Неге олай болды? Гранттар алу үшін тиісті балл болуы керек қой. Тиісті балл алмағаннан кейін анау деп, мынау деп шыға келеміз. Солай білімді бола ма? Әр адам өзінің біліміне сай өтуі керек. Мына Назарбаев Университетіне түсем деген жыл сайын 10 мың адам арыз береді. 10 мың адамның көп дегенде 450-500-і ғана түсе алады. Ол жерге ешкім араласа алмайды. Басқарып отырған жапонның азаматы. Бізде адамбыз ғой, маған да туған-туыстарым, достарым келіп: «Мына жерде отырсың ғой айта салсаңшы» дейді. Мен ол жерде Катсу деген кісі бар, сонымен сөйлес», деймін де қоямын», - деп күлді Елбасы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ғылым мен білімге келгенде қатал, талапшыл болуымыз керектігін айтты.
«Білімімен түсетін болса сонда соңында келе жатқан, мектепте отырған балалар «оқуға түсу үшін нағыз білім керек екен ғой», деп ойланады. Заңды бұзған болса қараймыз. Заңды түрге келтіреміз. Заңды бұзбаған болса өткен балалар грантты алуы керек. Өтпегендері алмайды. Басқа да шаруа бар ғой. Дүниеде елдің барлығы университет бітіріп жүрген жоқ. Әлем халқының 2 процентінің жоғары білімі бар. Қазір дүниенің жартысы сауатсыз», - деді ҚР Президенті.