Назарбаев университетіне жаңа басшы келген соң қаржылық қызметіне анализ жасалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана халықаралық форумының кулуарында Назарбаев университетін қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда тек қана бір өзгеріс бар. Назарбаев университеті туралы заң өзгеріп жатыр. Үкіметтің, біздің министрліктің негізгі мақсаты – университеттің әлеуетін сақтап қалу және оны мықты зерттеу деңгейіне шығару. Негізгі басым жоспарымыз – зерттеу әлеуетін көтеру. Назарбаев университетінде өте мықты тоғыз зертхана бар. Ең мықты профессорлар, оқытушылар шоғырланған. Мақала тұрғысынан, ғылыми публикация тұрғысынан ең бірінші деңгейде тұр. Бірақ қолданбалы, салалық зерттеулер аздау. Шыны керек ұлттық компанияларымызға, салалық компанияларымызға, өндіріске қолданбалы үлесі әлі аздау», - деді министр.

Оның сөзінше, университетті қаржыландыру тәртібі сол күйінде қалады.

«Автономдық құқығы шектелмейді. Өйткені жиналып қалған потенциалды шайқап, төгіп алмауымыз керек. Қалыптасқан кадрларды, сол жерге құйылған ақшаның арқасында пайда болған мықты зертханаларды төгіп алмауымыз. Қаржыландыру тәртібі сол күйінде сақталады. Бірақ қазір анализін жасауымыз керек. Сол анализдің қорытындысына қарай көреміз. Білесіздер, басшылығы ауысады. Үлкен конкурс жарияланады. Сол конкурс негізінде ғана басшылық тағайындалып, содан кейін анализ жасалады», - деді Саясат Нұрбек.


Соңғы жаңалықтар
telegram