Назарбаев Университетінің ғалымдары биоинженерия саласындағы зерттеулермен айналысуда
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығының ғалымдары биоинженерия, ұзақ өмір сүру медицинасы, сондай-ақ регенеративтік, трансляциялық және дербес медицина салаларындағы зерттеулермен айналысуда,
деп хабарлады Университеттің Атқарушы кеңесі төрағасының орынбасары Алмаз Шарман pm.kz сайтына берген сұхбатында.
«Біз регенативтік, трансляциялық, дербес және жаһандық медицина сияқты төрт бағытта зерттеулер жүргізіп жатырмыз», - деді А.Шарман өз сөзінде.
Дербес медицина жеке, генетикалық деңгейлегі ауруларды зерттеумен айналысады. Әлемдік медицинада бүгінде кең танымал болып отырған тағы бір бағыт - жасанды ішкі ағзалар жасаумен және діңгекті жасуша өсірумен айналысатын регенативтік медицина.
«Регенертивтік медицина қазір өте танымал сала. Біз осы бағытта тәжірибелер жүргізіп жатырмыз. Бүгінде Кардиологиялық орталықта біз жасанды жүрек қарыншасын имплантациялаумен айналысудамыз, ал жақын арада жасанды өкпе имплантациялауды қолға алатын боламыз», - деді ғалым.
Өмір туралы ғылымдар орталығы Питтсбург Университетінің МакГоуэн Регенеративтік медициналық институтымен бірлесіп, биореакторлық технологиялар (адипозды діңгекті жасуша) саласындағы жобалармен айналысуда. Сондай-ақ, ғалымдар кардиопульмонологиялық механикалық құрылғылар және педиатриядағы тін инженериясы жобаларын, қатерлі ісік діңгекті жасушаларын зерттеу бағдарламасын зерттеуде.
Үшінші бағыт, трансляциялық медицина - зерттеу нәтижелерін кликалық тәжірибеге тезірек енгізумен айналысады, бұл бағыт жаңа дәрі-дәрмектер мен емдеу әдістерін сынақтан өткізумен байланысты. Жаһандық медицина немесе адам жасын ұзарту медицинасы Орталық ғалымдары айналысып отырған төртінші басымдықты бағыт болып табылады. Бұл сала бойынша жаһандық маңызға ие аурулар зерттеледі.
«Медицинаның бұл саласының да маңызы зор, ондағы міндет адамдардың өмір жасын 70 жасқа дейін, әрі қарай 72 жасқа ұзарту болып отыр. Сондықтан да, адамдардың өмір сапасы мен жастарын ұзарта түсетін әдістерді зерттеу керек»,- деп түйіндеді өз сөзін профессор.