Назарбаев Университетінің студенттері ғылыми жобалар байқауында кезекті рет жеңіске жетті

Биылғы жылы қазылар алқасы саңырауқұлақтардың ерекше түрі арқылы қоқыс қалдықтарын жою жобасын ең үздік деп таныды. Жобаның авторлары - бірінші курс студенттері Әлібек Молдақожаев пен Ақерке Амангелдина. Олар 500 мың теңге ақшалай сыйақы алды. Бұл туралы ЖОО-ның Коммуникация және маркетинг департаментінен мәлім етті.
Ақерке Амангелдина - «экономика», Әлібек Молдақожаев «билогия» мамандығы мамандығы бойынша білім алады. Бұл - Әлібек Молдақожаевтың екінші жеңісі. Өткен жылы Foundation Дайындық бағдарламасында оқыған Ә. Молдақожаев Бауржан Оспанмен және Диас Әлімбаймен бірге «Fly farm» жобасымен құстарға арналған ақуызды жем шығару фермасының байқауында жеңімпаз болған. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы «Робототехника және мехатроника» мамандығының бірінші курсында білім алатын Бауржан Оспан «ASEMa-01» роботымен байқаудың финалына шыққан болатын.
Бұдан басқа, «Робототехника және мехатроника» мамандығының бірінші курсында оқитын студент Диас Әлімбай суицидтің алдын алу жөніндегі жобасымен қазылар алқасының назарына ілігіп, «Ең үздік smart идеялар» номинациясында ерекше атап өтілді. «One Life» жобасы жоғары деңгейдегі шешімі бар бейне жабдықтарды пайдалана отырып, эмоцияларды белгілеу арқылы адамның микромимикасын сәйкестендіру бойынша технологиялық шешім болып табылады.
Инновациялар мен жоғары технологиялар Назарбаев Университетінің білім беру бағдарламаларын негізін құрап отыр. Университеттің инфрақұрылымы, оның ішінде жаңа жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалар студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстармен бірінші курстан бастап айналысуға мүмкіндік береді.