Назарбаев университетінің студенттері Қазақстанның Халық суретшісі Ә.Ысмайыловтың шығармашылығымен танысты

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Назарбаев университетінде ҚР Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылық кеші өткізілді.

Назарбаев университетінің студенттері Қазақстанның Халық суретшісі Ә.Ысмайыловтың шығармашылығымен танысты

Аталған шара Қазақстанның халық суретшісі, киноактер, хореограф Әубәкір Ысмайыловтың жүз жылдығына арналып отыр. Кеш басында суретшінің ұрпақтары, университет оқытушылары мен студенттері режиссер А.Берковичтің Ә.Ысмайылов туралы «Әукең. Өмір өрнектері» атты мерейтойлық фильмін тамашалады.

«Біздің университетіміз жас көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуді мақсат тұтады. Ал рухани құндылықтарсыз тұтас тұлғаны тәрбиелеу мүмкін емес. Осы іс-шара тікелей және жалпы алғанда біздің студенттеріміздің рухани тұтастығын қалыптастыруға бағытталған және Әубәкір Ысмайылов сияқты әлемдік атағы бар Қазақстан мәдениетінің аса көрнекті қайраткерінің шығармашылығымен танысу, ұлттың пайым-парасаты жоғары болашақ буынын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», - дейді Назарбаев Университетінің вице-президенті Қадиша Даирова.

Әубәкір Смайылов - ежелгі көшпенділердің аңыз-қиялға толы шынайы өмірін батыл бейнелеген суретші. Оның қылқаламынан қазақ тарихының көрнекті өкілдері - Кенесары хан, хакім Абай, күй атасы Құрманғазы мен жыр алыбы Жамбыл сынды ұлы тұлғалардың образдары жасалып шықты.