Назарбаев Университетінің түлектері қай салада еңбек етіп жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу кезекті оқу жылының аяқталуына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарбаев Университетінің түлектері қай салада еңбек етіп жүр

Оның айтуынша, 2018 жылы бұл оқу ордасын 811 түлек бітіріп шығады. Оның ішінде 506 студент - бакалавр, 302 - магистр және 3 адам - PhD докторы дәрежесін алмақ. 

«2017 жылы Назарбаев Университетін 737 адам бітірген еді, демек биылғы түлектер саны 10 процентке артып отыр. Өткен жылы Президент Назарбаев 2025 жылға қарай студенттер санын екі есеге көбейтуді тапсырған еді. Бұл тапсырма бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Қазіргі уақытта оқу орнын 750-800 түлек бітіріп шықса, 2025 жылға қарай бакалаврлар санын 5 200-5 300-ге дейін өсіреміз. Сонымен бірге, ғылыми-зерттеу жұмысын қарқынды дамып жатқандықтан, PhD докторанттары санын арттыруды көздеп отырмыз», - деді Шигео Катсу Назарбаев Университетінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ЖОО басшысы аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті аудиториялар мен жатақхана орнын көбейту керектігін баса айтты.

«Биыл университетімізде тек ғана ғылыми зертханалар орналасатын жаңа ғимарат ашылады. Бұл жаңа ғимарат та 2025 жылғы жоспарды орындауға өз септігін тигізеді», - деп атап өтті ол.

Одан бөлек, Шигео Катсу түлектердің жұмыспен қамтылуы туралы журналистер сұрағына жауап берді.

«НУ түлектеріне Қазақстанда қалу міндеті қойылмайды. Түлектеріміз өз білімін жалғастыру үшін шетелге де кетіп жатыр. Қазақстанда табысты еңбек етіп жүргендер бар. Олар көбінесе қаржы саласын, ірі консалтинг компанияларды таңдаған. Көпшілігі өз бизнесін ашып жатыр, бұл да бізді қуантады», - деп жауап берді Шигео Катсу.