Назарбаев: Жастарды өсіріп, қанат қақтыру - кез келген президенттің рөлі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік «Россия 24» арнасына берген сұхбатында жастар мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір уақыт оқтың жылдамдығындай жедел дамуда. Біз оның артынан ілесе алмаудамыз. Ғылыми жетістіктердің, прогрестің, жаңа технологиялар мен индустриаландырудың көз ілеспес жылдамдығы тағы бар. Егер білімдар ұрпақ болмаса, оның барлығын кім игереді?! Сондықтан қиындықтарға қарамастан, мен барша әлем бойынша қазақ жастарын оқытуға тырыстым. Мемлекет арнайы стипендия тағайындады. Жастарды 22 жылдан бері шет мемлекеттерде оқытып жатырмыз. Он мыңдаған жас білім алып, елге оралды», - деді Елбасы.
Н.Назарбаевтың сөзі бойынша, қазір, оның үстіне, Қазақстанда университеттердің деңгейі өсті.
«Мысалы, Назарбаев Университеті америкалық, еуропалық ірі жоғары оқу орындарымен бір деңгейде тұр. Оған жастарды дайындау үшін, 20 зияткерлік мектеп жұмыс істейді. Оған ішкі және халықаралық олимпиадалар жеңімпаздары, өте дарынды балалар қабылданады. Осының арқасында елдегі барлық жоғары оқу орындары өз деңгейлерін көтеруде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық гуманитарлық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Алматыдағы техникалық университет, біздің елдің ең үздік 10 университеттері әлемнің үздік 500 жоғары оқу орындарының деңгейіне дейін өсіп отыр. Және бұл бізді өте қатты қуантады. Ол жерде де тамаша жастар оқытылып шығарылуда», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент, сонымен қатар Үкімет құрамында атқарушы лауазымдарда жастардың қарасы көп екендігін тілге тиек етті.
«Болашақтықтар» қазір үкіметте білдей лауазымдарды атқаруда. Біздің бірнеше министріміз 35-36 жаста. Артылған міндетті жақсы атқаруда, олар жақсы мектептен өтті. Үкіметтің басқарушы қызметінде отырған лауазым иелерінің жасы 35-45 жас аралығында. Өткен қателіктерді қайталамай, Қазақстанды алға жетелейтін жастарды дайындауымыз керек. Олар міндетті түрде өте білімді болғаны жөн. Барлық мектептерде үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту жолға қойылған. Жоғары сыныптарда математика, химия мен физика ағылшын тілінде оқытылады, университеттерге өткенде ағылшын тілінде білім алады. Бұл - уақыт талабы. Одан еш қаша алмаймыз. Ғылыми жаңалықтарды бірінші көзден біліп, ғылыми журналдар мен басылымдарды еркін оқу үшін бізге ағылшын тілін білу қажет. Қазақтар орыс тілі арқылы мәдениет пен ғылымның үлкен әлеміне жол ашты, бізге бұл тілді ұмытудың қажеттілігі қанша? Ол бізде бар. Қараңызшы, біз қазір қай тілде әңгімелесіп отырмыз?! Жастарды өсіріп, қанат қақтыру - кез келген президенттің рөлі. Ең қиыны және үлкен қателіктер адам таңдауда болады. Адамды ол жетістікке жететін салаға қою - өнер», - деп түйді ойын Елбасы.