Назарбаев Зияткерлік мектебі Кембридж университетімен бірге жаңа білім бағдарламасын жасап шығарды
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Назарбаев Зияткерлік мектебі Кембридж университетімен бірге жаңа білім бағдарламасын жасап шығарды.
Бұл туралы бүгін мектеп қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова мәлім етті.
«Біз Қазақстан стандарттарын зерттедік, сондай-ақ TIMSS және PISA халықаралық зерттеулері бойынша үлкен жетістіктерге жеткен, экономикасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесін зерделедік. Бірақ білім жүйесінде қолданылып жүрген тәжірибені зерттеу аздық етеді. Біз уақыт талабын түсініп, әлемде не болып жатқандығын да ескеруіміз шарт. Себебі 20 жылдан кейін біз еңбек нарығының қай бағытқа қарай өзгеретінін, қандай мамандықтар сұранысқа ерекше ие болатынын, келесі буын өкілдерінің алдында нендей мәселелер туындайтынын ойлауымыз керек. Осы мақсатта халықаралық конференциялардың материалдарын ескере отырып, әлемнің барлық тәжірибесін тоғыстырып, біз Кембридж университетімен бірге жаңа білім бағдарламасын жасадық», - деді К.Шәмшидинова.
Ұйым басшысы хабарлағанындай, әлемде және Қазақстанда бар ең озық бағдарламаларды енгізіп, оның апробациясын өткізетін Назарбаев Зияткерлік мектебі болады. Кейін бұл тәжірибе Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, еліміздің өзге мектептеріне де таратылатын болады.
«Біздің түпкі мақсатымыз жобаны шетелдің үздік университтерінен білім беру бағдарламаларын көшіру болған жоқ. Біз отандық мамандардың әлеуетін қолданып, өзімізге сай бағдарламаны жасап шығаруға тырыстық», - деді мектеп басшысы.
Қазіргі таңда аталған жоба Кембридж университетінің Халықаралық Емтихан Кеңесімен бірлесіп, жүзеге асырылып жатыр. 2012 жылы оқушылардың функционалдық сауатын қалыптастыруға бағытталған барлық пәндер бойынша 60 оқу жоспары және 40 кіріктірілген білім беру бағдарламаларын енгізу жұмыстары басталған. 2013 жылы кіріктірілген бағдарламалар жетілдіріліп, 90-нан астам жаңа оқу жоспарын әзірлеу көзделуде.
Атап айтар басты жайт, бастауыш мектепте жаңа пәндер енгізілген, ал негізгі мектепте «Физика» және «Химия» пәндерін меңгеру 6-сыныпта басталады. Сондай-ақ жоғары мектепте игерілетін пәндердің саны азайып, нақты жоғары оқу орындарына түсуге бағытталған дайындықтар жүргізіледі.