Назарбаев Зияткерлік мектебі плагиатты түбірімен жойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Зияткерлік мектебінде плагиат түбірімен жойылды. Бұл туралы бүгін білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі барысында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» АҚ Басқарма төрағайымы Күләш Шәмшидинова мәлім етті.

Назарбаев Зияткерлік мектебі плагиатты түбірімен жойды

«Біз плагиатты түбірімен жойдық. Естеріңізде шығар, біз осыған қатысты жазалаған кездеріміз де болды, сондай қабылданған қатаң шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Сондықтан да, биыл плагиат жоқ деп мәлімдей аламын», - деді К. Шәмшидинова.

Бұдан бөлек, Басқарма төрайымы алдағы уақытта Назарбаев Зияткерлік мектебінде  білім беруді сараландыру мәселесіне кеңінен назар аударылатынын, оқу бағдарламаларын жедел игеру мәселесіне жіті көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Келесі жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерін мерзімінен бұрын аяқтау тетіктерін енгізе бастауымыз керек. Біз осы бағытта бес жыл бойы жұмыс істеп, ықпалдастырылған білім бағдарламаларын енгізіп келеміз. Мектепке өте алғыр, күшті балаларды іріктеп алып, оқытып жатырмыз. Сондықтан да, талантты оқушылардың біздің мектебімізді мерзімінен бұрын тәмамдауға құқылары бар. Алайда, бұл үшін біз әлі де көп жұмыс жасауға тиіспіз. Ең бастысы, Зияткерлік мектептерін жедел тәртіппен мерзімінен бұрын тәмамдаған түлектер ертеңге жоғары оқу орындарында кері әсерге тап болмауы тиіс», - деді К. Шәмшидинова. Оның айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептері ағымдағы жылы дәл осы бағыттағы тетіктермен жұмыс істеуді жалғастыратын болады.