Назарбаев зияткерлік мектебі «Ұлы дала мұрагерлерін» қойды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі облыстық қазақ драма театрында «Ұлы дала мұрагерлері» атты театрландырылған қойылымын көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Назарбаев зияткерлік мектебі «Ұлы дала мұрагерлерін» қойды

Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір жұртшылығы қатысып, зияткерлік мектептің бес жыл бойғы қызметінің нәтижесіне куә болды.

Алдымен театрдың фойесінде Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылып жатқан кіріктірілген оқу-тәрбие бағдарламасына сәйкес мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстары мен тәжірибелері көрсетілді. Олар ғылым мен технологияның түрлі салаларын қамтыды. Қолданбалы өнер сабақтары бойынша шеберлік кластары жүргізілді. Сондай-ақ мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарынан тұратын қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің мақсаты - «Бала миының салдануы. Орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы. Түйілмелі екіжақты салдану» дертіне шалдыққан, Орал қаласының тұрғыны, жеті жасар Ислям Сариевке көмектесу.

Оқушылардың көрмесі мен қайырымдылық жәрмеңкесін тамашалаған Алтай Көлгінов қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін мемлекет үлкен қолдау танытып жатқанын, сондықтан осы мүмкіндіктерді пайдаланып, шәкірттер бәсекеге қабілетті болуы керектігін айтты. Зияткерлік мектеп оқушылары алған білімдерін тәжірибеде қолданып, түрлі ғылыми жобалар құрастырғанына, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік сезіне білетіндігіне, «Ұлы дала мұрагерлері» қойылымының адамды рухани, зияткерлік тұрғыда дамытуға үлес қосатынына тоқталды. Осы орайда мектептердің өзара тәжірибе алмасуды жалғастыра беруі қажет.

Кейін мектептің кіріктірілген білім беру бағдарламасы, әлеуметтік тәжірибелері мен жобалары негізінде дайындалған «Ұлы дала мұрагерлері» атты қойылымы болды. Қойылымда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жүйесіндегі жаңа жобалар «Ауылдағы екі апта», «100 кітап», ұлттық құндылықтарды сіңіру («Қазақ әндері», «100 күйдің тарихы») мен жаһандық азаматтықты дамытуға («Робототехника», көптілділік) бағытталған тәжірибелер сипатталды. Мұнда оқушылар ән, би, күй өнері бойынша шығармашылық мүмкіндіктерін паш етті.

Қойылым соңында қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаржы Орал қаласының тұрғыны, көп балалы ана Роза Сариеваға табысталды. 

1

2

3

4