Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы ата-анасы жоқ студентке пәтер алып берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы аягөздік студентке пәтер алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мектеп ұжымы Еркежан Ерсінқызының тұрғын үй жинақ қорына 2013 жылдан бері қаржы аударып келген.

«Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» -деген жақсы бір сөз бар. Ұрпақ тәрбиелеуші ретінде бізді дәл осы Еркежандай жастарымыздың келешегі алаңдатады. Қызымыздың баспаналы болу туралы арманына қол жеткізуіне себепші болғанымыз үшін қуаныштымыз. Пәтерді Еркежанның өзі таңдады. Тек құжат рәсімдеуге көмектестік. Бұл баспана оған құт-береке әкелетін шаңырақ болсын деп тілейміз», - дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.

Еркежанның өзі мұндай қуанышты хабарға алғашында сенбепті.

«Өз баспанам болуын армандасам да, аяқасты үйлі боламын деп еш ойламаған едім. Мектептен хабарласып, сенің банкте есеп-шотың бар, сол шоттағы ақшаға үй алып береміз дегенде мүлдем сене алмадым. Қуаныштан толқып тұрмын. Өмірде қайырымды, жанашыр адамдардың бар екеніне көзім жетті», - дейді Еркежан Ерсінқызы.

19 жастағы студент әкесінен сәби кезінде, ал анасынан 12 жасында айырылыпты. Соңғы 5 жылдан бері ол туысқан ағасының үйінде тұрып келген. Қазір Аягөз қаласындағы политехникалық колледждің 3 курсында «Бағдарламашы» мамандығында оқып жүр. Оның білімін университетте жалғастырсам деген арманы бар.

Соңғы жаңалықтар