«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесі барлық мектептерге таратылады

АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Зияткерлік мектептер өз тәжірибелерін еліміздің өңірлеріне таратуда, деп хабарлады «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова pm.kz

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесі барлық мектептерге таратылады

сайтына берген сұхбатында.

«Зияткерлік мектептердің базасында Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылды. Кембридж университетімен бірлесіп жасалған бағдарламалар бойынша мұғалімдер осы орталықтарда біліктіліктерін жетілдіруде», - дейді К.Шәмшидинова.

Сондай-ақ жоғары сынып оқушылары үшін химия, физика, биология, математика пәндері бойынша онлайн-сабақтар, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері үшін онлайн-семинарлар өткізіледі. Оған қоса, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» бірнеше бағытты қамтыған тәжірибелік білім беру бағдарламалары енгізілуде.

«Атап айтқанда, оқушылардың өз беттерінше жұмыс істеу бағдарламасы, көптілді оқыту бағдарламасы, алған білімдерін тәжірибеде қолдану әдістемесі, жобалау жұмыстары қолға алынуда», - деді К.Шәмшидинова.

Ең бастысы, "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" бағдарламалары оқушылардың функционалдық сауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр, сондықтан да жоғары сынып оқушыларының пәндерді өздері таңдауларына және университетке оқуға түсуге дайындалуларына жағдай жасалады. Жалпы алғанда, Зияткерлік мектептерінің алдында тұрған міндет оқушыларға сапалы білім беру, тәжірибелер жүргізу және олардың қорытындыларын басқа жалпы білім беретін мектептерге тарату болып табылады.