Назарбаев Зияткерлік мектебі Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамовтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

 Назарбаев зияткерлік мектептері
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

«Кеше Мәжіліс депутаты Назарбаев Зияткерлік мектептерін қаржыландыруға қатысты тағы бір мәлімдеме жасады. Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 2011-2024 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бір оқушысына жыл сайын 27 миллион теңге бөлінген. Бұл деректің нақты қайдан алынғаны белгісіз, бірақ бұл мүлдем шындыққа жанаспайды және қоғамды жаңылыстырып отыр. 

2024 жылы NIS-те оқуға арналған білім грантының сомасы 2 349 191 теңгені құрайды. Өткен жылдары бұл көрсеткіш бұдан да төмен болды. Грант бойынша шығыстар қатаң реттеледі және оған мектеп қызметкерлерінің жалақысы, оқушылардың тамақтануы және коммуналдық шығындар кіреді. Зияткерлік мектептерді қаржыландыру көлемі жыл сайын орталық мемлекеттік органдар және Мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданып, республикалық бюджет аясында бекітіледі. Сонымен қатар біз ұйымның қызметі туралы сенімді әрі толық ақпарат беруге әрқашан дайынбыз.

Жалпы мектептердің қаржыландыру көлемін өңірлердің бюджетімен салыстыру менде үлкен сұрақ туғызады. Бұл мүлдем дұрыс емес, өйткені ол салыстыруға, бір-біріне пара-пар келмейтін жағдайларға негізделіп өлшенеді.

Сонымен қатар жақында мынадай дерекке тап болдым, егер білім ұясының қызметін басқа дүниелермен салыстыру қисынсыз болса, кем дегенде салыстыру барысында мынаны есте сақтау керек. Мәселен, бір Зияткерлік мектеп оқушысын қаржыландыру 2,3 млн. теңгені құраса, онда бір тұтқынды қаржыландыруға 2,7 млн. теңге бөлінеді (дереккөзге сілтеме пікірде).

Мектептерден ақша үнемдейтін адам түрмелер салады деген дәйексөз бар.

Қазір Мемлекет басшысы да, ел үкіметі де білім беру сапасын арттыру үшін бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасап жатқаны анық. Мұның бәрі сөзсіз нәтиже береді. Тек қоғам қай бағытта жүргісі келетінін, нендей дүниеге басымдық беретінін түсіну ғана қалды.

Тағы да айта кеткім келеді, біз сындарлы диалогқа ашықпыз. Республикалық бюджетті бекіту шеңберіндегі Зияткерлік мектептердің барлық шығыстары талқыланады, ашық әрі бақылау жасау қолжетімді.

Мен тек дәлелденген және нақты мәліметтермен жұмыс істеуге шақырамын», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар