Nazarbayev University саябағы барлық қала тұрғынына қолжетімді болады

саябақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Nazarbayev University ұжымы мен студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына қатысып, 140-тан астам жеміс ағашын отырғызды.

Көшеттер арасында маньчжур жаңғағы, сібір алмасы, уссури алмұрты және жабайы шие ағаштары бар. Жабайы шие көшеттерін университетке «Тұрақты даму» жер қоры ұйымы берген. 

саябақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Бұл жабайы шие сорты «Сакура» деп аталады, біздегі салқын климатқа төзімді түрі таңдап алынды. Ол жеміс беріп үлгермейді, бірақ өте көп гүл ашады. Сакура мол суару мен сапалы күтімді қажет етеді. Сакура өзінің сұлулығымен, ерте гүлдеуімен кампустың мақтанышына айналып, келушілер мен елорда тұрғындарының жүрегін жаулайды деп сенеміз. Биыл көшеттер алғаш рет берілді. Келесі жылы келісімдер болса, әрине бұл игі істі жалғастыруға дайынбыз», - «Тұрақты даму» жер қорының сарапшысы Мирас Қадырбаев.

NU Президентінің кеңесшісі Қанат Байғариннің айтуынша, өзге жеміс ағаштары университет тәлімбағынан алынған. Ағаш егуден бөлек, ұжым сенбілік жасап, кампус аумағын тазартып шықты. 

саябақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Біздің кампустың елеулі бөлігін – шамамен 25 гектар аумақты жалпыға қолжетімді қалалық саябаққа айналдыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Мұны қалалық, аудандық әкімдіктермен талқылаймыз. Нәтижесінде Астананың барлық тұрғындары мен келушілері бұл саябақта демала алады. NU аумағына ағаш егу бастамасына Қазақстанның басқа да университеттерін шақырдық», - деді Қанат Байғарин агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Қ.Байғарин NU студенттерінің жасыл жобаларды белсенді жүргізетінін атап өтті. Мәселен, университет қызметінде қағазды барынша аз қолданып, электронды жұмысқа басымдық беріледі. 

саябақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Қоқыс сұрыптауды да алғашқылардың бірі болып қолға алған едік. Қазір студенттеріміз суды тазарту, ауаны тазарту, қуат үнемдеу, тіпті асханадағы май қалдықтарын да қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруда. Мұны үлкен жұмыс деп ойламауыңыз мүмкін. Алайда студенттердің практикалық ойлауы қалыптасып, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Өз жобаларымызбен қатар, Қазақстандағы 12 университет студенттерінің жасыл жобаларына қаржылай қолдау көрсетеміз. Тұтас еліміздің экологиялық мәселелерін шешу үшін National Conservation Initiative арнайы қорын құрдық», - дейді Қ.Байғарин.

саябақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік өткізу еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерінде ынтымақтасу мен су тасқыны сияқты экологиялық апаттардың салдарымен күреске назар аударуды көздейді. 

саябақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бұған дейін NU басшылығы мен қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды қолдау туралы бастама көтеріп, Қостанай облысына қажетті заттарды жіберген еді. Қайырымдылық науқанына студенттік ұйымдар да қосылған.

Соңғы жаңалықтар