«Нәзік жандарға не сыйлауға болады?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 наурыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдері қоғамдастығының бір топ өкілдерімен кездесті. Осы кездесу туралы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Әйел отбасының ғана емес, Отанның да ұйытқысы» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, кездесуге еліміздің барлық өңірлерінен келген, экономиканың түрлі секторларында, мәдени-әлеуметтік салаларда және мемлекеттік қызметте істейтін әйелдер қауымының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы оларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Қазақстанның барша әйелдер қауымына бақыт, денсаулық және бақ-береке тіледі.
Елбасы әйелдер қауымымен әңгімеде қазір қызу талқыға түскен еліміздегі сайлау науқаны туралы да сөз қозғады. «Қазір сайлау науқаны басталып та кетті. Кезектен тыс президенттік сайлау туралы бастаманы да негізінен әйелдер қауымы қолдады. Мен күн сайын мыңдаған хаттар алып жатырмын. Бүгін ертеңгісін де бір құшақ хат келді. Олардың барлығы сайлауды қолдап, менен өз кандидатурамды ұсынуды сұрап жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтайын. Қазақстанды жылдар бойы басқарып келемін, тәуелсіздіктің алғашқы жылынан мемлекетті қалыптастырып, құрдық. Алайда, бүкілхалықтық тілектер, елдің ниеті, жұрттың қалауы бар, оны да ескеру қажет. Сондықтан да, сіздермен алдағы жоспарымды, қадамымды ақылдасуға да болады ғой деп ойлаймын», - деді Елбасы.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттыққа ұсынылған «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиева мен уақытша жұмыссыз Сафиолла Алдажанов мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырды. Сынақ нәтижесін жариялаған лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков үміткердің бірі өтіп, екіншісі сүрінгенін мәлім етті.
«Лингвистикалық комиссия Лимана Қойшиева мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытындыға келді», - деді комиссия төрағасы.
Ал екінші кандидат бірінші кезеңде жазба жұмысынан 42 қате жіберген, оның ішінде еміле қатесі - 17, тыныс белгісі - 18, сөйлем құрауы жағынан 7 қате бар. Сынақ тапсырушы екінші және үшінші талаптарға да жөнді жауап бере алмаған.
«Жаһандану: үміт пен күдік» тақырыбын өзіңіз таңдап алдыңыз. Өкінішке қарай, жаһандану туралы ұғымыңыз өте таяз болып шықты. Сондықтан Лингвистикалық комиссия Сафиолла Қалабайұлы Алдажанов мемле-кеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытындыға келді», - деді М.Жолдасбеков. Мақала тақыбыры: «Бір үміткер өтті, екіншісі сүрінді».
***
«Қазақстандағы мейрамханалар өз өндірістеріне Қазақстанда шығатын өнімдерді көбірек қолдануға әзір. Бұл туралы «HoReCa-Қазақстан» мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары ұлттық қауымдастығының президенті Игорь Копайлов хабарлады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Мейрамханалар жергілікті өнімді көбірек қолданады» деген тақырыптағы мақаласында.
И.Копайловтың айтуынша, қазір қазақстандық тауарлардың бағасы төмендігімен ерекшеленіп тұр және сапасы да импортталатын өнімдерден кем емес. Бірақ бұл жердегі әңгіме әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдеріне байланысты. Қауымдастық басшысының айтуынша, Қазақстандағы мейрамханалардың иелерінде отандық өндірушілер туралы мәлімет өте аз. Қазақстандағы мейрамханалар мен қонақ үйлердің басшылары қазақстандық өндірушілермен жұмыс істеуге дайын. Қазақстандағы мейрамханалар жергілікті азық-түліктен әзірленген тағамдарды ұсынғанын қалаймыз, бірақ ешкімді мәжбүрлей алмаймыз, мәжбүрлемейміз де. Тек, ынталандырамыз", - деді Копайлов.
Алматы қаласы ТМД елдері арасында туристер үшін ең қымбат қалалардың үштігіне кірсе, әлем бойынша мереке тойлауға қолайлы ең арзан қалалардың қатарында екен. Бұл ресми дерек қаншалықты рас?! Көктемнің жылы шуағымен қатар келетін алғашқы мереке Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осы ақпарды «Айқын» газеті зерттеп көруге тырысқан. Басылымның дерегінше, ортасында «ана», «сүйем» деген және тағы басқа сөздермен безендірілген голландиялық раушан гүлдер - 70 000 теңге, жергілікті раушан гүлдер 60 000 теңге тұрады. Ал Алматы қаласы бойынша әдетте бір талы 500 теңгеде сатылатын қызғалдақ құны мереке күндері 1000-1500 теңгеге бағаланады. Ал әже-апаларға сыйлауға болатын отырғызылған гүлдердің бағасы 4000 теңгеден бастап, түріне, тұқымына, көлеміне қарай қымбаттай береді. «Алматы қаласы бойынша бұл күні көптеген ойын-сауық мекемелерінде арнайы мерекелік шоу-бағдарламалар жасалады. Сол себепті жастардың жаппай баратын клубтарының бағасы қалыпты күндері адам басына 7000-10000 теңге болса, мерекеде 15000-20000 теңге. Ал орта буын ойын-сауық құратын мейрамханалардың ең төменгі мәзірі 30 000 теңгеден басталады», - деп жазады басылым. Мақала «Нәзік жандарға не сыйлауға болады?» деген тақырыппен басылып шықты.
«10 жастағы қарағандылық баланы әкесінің келісімінсіз Германияға алып кетті», деп жазады «Время» газеті «Место встречи назначить нельзя» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Қарағанды қаласында тұратын полиция мойоры Андрей Вострилов жарымен дәм-тұзы жараспай ажырасқанымен кәмелеттік жасқа толмаған қызы Виталинаға үнемі қамқорлық көрсетіп отыр. Яғни, өзінің әкелік міндетін толығымен атқарған. Алайда, Германия азаматына тұрмысқа шыққан әйелі таяуда Андрейдің келісімінсіз қызын алып Еуропаға көшіп кеткен. Мақаланың толық нұсқасын «Времия» газетінен оқи аласыздар.