Назым Қызайбай «Мықтылар» турниріне қатыспайды – Бас бапкер

АСТАНА. KAZINFORM – Ертең әйелдер боксынан Қарағандыда «Мықтылар турнирі» басталады. Осыған орай, әйелдер боксынан Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалинге хабарласып, жарысқа кімдер қатысатынын, бұл турнирдің маңызы туралы сұрап білген едік.

бапкер
Фото бапкердің жеке мұрағатынан

— Елдос Жәнібекұлы, ертең Қарағанды төрінде бұрымды боксшылар «Мықтылар турнирі» басталғалы жатқанын білеміз. Бір аптаға созылатын бұл турнирдің маңызына тоқталып өтсеңіз?

— Бұл жарыс аты атап тұрғандай нағыз мықтылар анықталатын турнир. Париж Олимпиадасынан кейінгі бірінші ірі республикалық жарыс болғандықтан барлық өңірдің боксшылары келеді. Осы турнирде кім өзін дәледейді, сол боксшы қараша айында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баруы мүмкін. Сондықтан, бұл жарысты Азия чемпионатына іріктеу десек те болады.

— Боксшылар тек, олимпиадалық салмақ санатында ғана сынға түсе ме?

— Жоқ, барлық салмақ санатында, нақтырақ айтсам 12 салмақ дәрежесінде өзара мықтылар анықталады.

— Аталған турнирде қыздарымыз тұңғыш рет шаршы алаңға шілемсіз шығады дегенді естіп жатырмыз. Бұл нәзік жанды спортшыларға тым ауыр тимей ме?

— Иә, бірінші рет қыздарымыз бас киімсіз рингке шығады. Бұл жаңа ереже. Енді алдағы халықаралық додалардың барлығында қыздарымыз жігіттер сияқты бас киімсіз шаршы алаңға шығатын болады. Алдағы Азия чемпионаты жаңа ереже бойынша өтеді деп жоспарланып отыр.

— Бұл жарыста Париж Олимпиадасының жүлдегері Назым Қызайбай қатыса ма?

— Жоқ, Назым Қызайбай бұл турнирге қатыспайды. Ол бізге, Ұлттық құрамамен бірге жаттығуға тек, 6 қазан күні қосылады. Парижден келгеннен кейін қысқа мерзімге демалыс алған.

— Париж Олимпиадасынан кейін құрамада қандай өзгерістер болып жатыр?

— Бүгінге дейін әр боксшы өз аймақтарында дайындалды. Енді, осы «мықтылар турнирі» аяқталғаннан кейін, әр боксшының көрсеткен нәтижесіне қарап, талдау жасап барып өзгерістерді айтатын боламыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар