Назым Қызайбайдың әкесі: қызыма қола медаль бұйырды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Отандасымыз Назым Қызайбайдың жекпе-жегін ата-анасы, туыстары мен спортшылар мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде тамашалады.

Назым Қызайбайдың әкесі
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Былғары қолғап шебері Назымның әкесі Абай Қызайбайдың айтуынша, қытайлық боксшы да осал емес. 

«Алтын алады деп ойлап едік. Болмады. Қытайлық боксшы да осал емес. Осығанда шүкір. Қызыма қола медаль бұйырды. Қызым елге аман-есен оралсын»,- деді Назымның әкесі Абай Қызайбай.

Анасы Кәмшат Ахетқызы Назымның арманы орындалғанын жеткізді.

«Назымның арманы- Олимпиадаға бару еді. Сол мақсатына жетті.Жүлдегер атанып жатыр, қуаныштымыз. Қолаға қол жеткізді. Бұл да үлкен еңбек. Үлкен спорт додасында ел намысын барын салып қорғады»,- дейді Назымның анасы.

50 келі салмақта отандасымыз жартылай финалда қытайлық Ву Юмен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен ұтылды. Алайда, Олимпиада ойындарының қола жүлдесін қанжығасына байлады. Назымның бұл жүлдесі - ел қоржынына түскен үшінші қола медаль. 

Бұл – Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. Ол осыған дейін әлем чемпионатында 2 рет топ жарып, 1 рет үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ Азия чемпионы атанған.

Назым Қызайбай Олимпиада ойындарында ең алғаш өткізген жекпе-жегінде Италия боксшысы Джордана Соррентиноны жарыс жолынан тайдырды

Ал екінші жекпе-жегінде бразилиялық қарсыласы Каролин Барбоза де Алмейданы 5:0 есебімен ұтып, ширек финалға шыққан болатын

Сонымен қатар ширек финалда Колумбия боксшысы Каролайн Барбозаны жарыс жолынан шығарып, жартылай финалға жетті.