Назым Қызайбай Мэри Коммен жұдырықтасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қытайлық Цяньаньда Азия мен Мұхит елдерінің Олимпиадаға іріктеу жарысы ашылды. Онда Қазақстан атынан Рио жолдамасы үшін тоғыз спортшы - 6 ер мен 3 әйелден құрылған команда күреседі.
БФК баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеребе тастау қорытындылары бойынша 52 келіге дейін салмақ дәрежесінде Олжас Сәттібаев бірінші жекпе-жегін қырғызстандық Азамт Үсенәлиевпен өткізеді.
Қайрат Ералиев (56 келі) Ченг-Лин Линмен (Тайбэй), ал Абылайхан Жүсіпов (64 келі) - үнді спортшысы Кумаром Маноймен кездеседі.
Үш боксшымыз рейтингте бірінші орында тұр, соның арқасында бірінші жекпе-жекке қатыспайды. Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) келесі айналымда Макото Такахаши (Жапония) - Ча-Вей Кан (Тайбэй) жекпе-жегінің жеңімпазымен, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) - Хегён Янг (Оңтүстік Корея) - Сумит Сангван (Үндістан) жекпе-жегінің жеңімпазымен, ал Иван Дычко (91 келі) Джозеф Годалл (Австралия) - Патрик Малата (Жаңа Зеландия) жұдырықтасуының жеңімпазымен кездеседі.
Бойжеткендер үш олимпиадалық салмақ дәрежесінде шығып отыр. Дариға Шәкімова (75 келі) Оңтүстік Корея спортшысы Шинёнг Киммен, Назым Ищанова (60 келі) - Тонга Корольдігінің спортшысы Пуэки Фифитамен жұдырықтасады. Біздің еліміздің әлем чемпионы Назым Қызайбай (51 келі) жеребе бойынша бірінші жекпе-жекті атақты үнді спортшысы, әлемнің бес дүркін чемпионы Мэри Коммен өткізеді.