Назым Қызайбай: Шаршы алаңдағы әрбір жеңісімді Елбасыға арнаймын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы әрбір спортшының жеңісі - бұл осыған жағдай жасап отырған Елбасының жеңісі. Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында Қазақстан әйелдер боксының тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Назым Қызайбай осылай айтты.
«Қазақстанның Әнұраны ойнап, Көк байрағымыз көкке көтерілгенде мен осының бәрі елім, Елбасым үшін деп білдім. Шындығында, Қазақстандағы әрбір спортшының жеңісі - бұл біздің алаңсыз спортпен айналысуға барлық жағдайды жасаған Елбасының жеңісі. Сондықтан да, шаршы алаңдағы әрбір жеңісімді Сізге арнаймын», - деді Н. Қызайбай.
Сондай-ақ, Н. Қызайбай алдағы спорт додаларында еліміз үшін еңбек етіп, барлық күш-жігерін салуға уәде етті. «Шынымды айтсам, қыздардың боксқа шығып, зілтемір көтергенін соншалықты ұната қоймаймын. Бірақ, қазір бәрі де бірдей болып жатыр ғой. Ел намысы деген бар. Талантың болғаннан кейін сен осы жасыңда биікті бағындырып отырсың. Табысты бол», - деді Н. Назарбаев спортшыға ақ жол тілеп.