NCOC Қазақстан Үкіметімен арадағы дау-дамайға пікір білдірді

North Caspian Operating Company
Фото: North Caspian Operating Company

АСТАНА. KAZINFORM – NCOC (North Caspian Operating Company) Қазақстан Үкіметімен арадағы төрелік дауға орай пікір білдірді.

«Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім бойынша мердігер компаниялар (KMG Kashagan B.V. еншілес ұлттық мұнай компаниясын қоспағанда) арасында келісімнің белгілі бір ережелерін қолдануға қатысты бірқатар даулы мәселе бар. Ол төрелікке және келісімге сәйкес сарапшылық анықтауға жатады. Мердігер компаниялар келісімге, ҚР заңнамасына сәйкес және стандарттар мен алдыңғы қатарлы тәжірибені қолдана отырып әрекет еттік деп санайды. Қараудың құпия сипатына байланысты қосымша пікір білдіре алмаймыз» делінген NCOC таратқан ақпаратта. 

Бұған дейін Bloomberg басылымы Қазақстан Қашаған кен орнын игеріп жатқан халықаралық мұнай алпауыттарына қарсы төрелік талап қою сомасын 150 млрд долларға (67,3 трлн теңге) дейін арттырғанын, шығын бойынша дауға қосымша алынбай қалған пайда үшін өтемақы талап еткендігін жазған болатын.

Ал кеше Энергетика министрлігі бұл жайт Қазақстан Үкіметі мен мердігер компаниялар төрелік рәсімдер аясында шешуге ниетті ерекше коммерциялық дау екендігін мәлімеген еді.

Айта кетейік, өткен жылдың көктемінде Қазақстан Үкіметі елдің батысында мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V. және Karachaganak Petroleum Operating BV операторларын халықаралық сотқа берді.

Мемлекет компанияларды тендер тәртібін бұзды, Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындаған жоқ деп айыптады.

Bloomberg агенттігі 5 сәуірде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын атап көрсетті.

Сол уақытта Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының операторларына қарсы сотқа шағым берілгенін, ол Қазақстан халқының мүддесін қорғау мақсатында түсірілгенін атап өткен еді.

«Сома — 3,5 млрд доллар және 13 млрд доллар», — деп түсіндірген болатын Алмасадам Сәтқалиев.

Соңғы жаңалықтар