Індеттен көз жұмған: Шахтинскте әйелге қасақана АИТВ жұқтырған ер адам сотталды

ШАХТИНСК. KAZINFORM - Шахтинск қалалық сотында адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған азаматқа үкім шықты.  

ауру
Фото: Pexels

2015 жылы ер адамға АИТВ жұқтырған деген диагноз қойылған.

Емдеуден жалтарып, басқаларды жұқтырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны, сондай-ақ сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы оған ескертілген.

Ол 2016-2023 жылдар аралығында ауруын ескертпестен бір әйелмен бірге тұрған.

Сөйтіп жәбірленушіге АИТВ инфекциясын жұқтырған, соның салдарынан әйел адам қайтыс болған.

Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен расталды, оған сәйкес жәбірленушінің өліміне екіншілік аурулардың дамуымен АИТВ-инфекциясы және басқа да іс материалдары себеп болған.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Қылмыстық кодекстің 118-бабының 2-бөлігінің санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Іс бойынша қылмыстық жауапкершілікті немесе жазаны жеңілдететін мән-жай анықталған жоқ.

Ауырлататын мән-жай – қылмыстың ауыр зардаптарға әкеп соқтырғаны, яғни жәбірленушінің өлімі

Сотталушы Қылмыстық кодекстің 118-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ мәжбүрлеп емделеді. 

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар