Небәрі 9 әйел 33 млрд. теңге «декреттік» төлем алыпты! - баспасөзге шолу

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 25 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Небәрі 9 әйел 33 млрд. теңге «декреттік» төлем алыпты! - баспасөзге шолу

***

Астанада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен орта білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Кеңесте Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың, оның ішінде білім беру ұйымдарын бейіндік оқытуға көшірудің көкейкесті мәселелері талқыланды. Осы мәселе арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Бейіндік оқыту - уақыт талабы» деген тақырыппен жарық көрді. «Қазіргі таңда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың маңызды мәселелерінің бірі 12 жылдық білім беру аясында бейіндік оқытуға көшу болып табылады. Осыған орай жиынға қатысушылар бейіндік оқыту бағдарламасын іске асырудың тұжырымдамалық негіздерін қарастырды. Қазақстанда бейіндік оқыту жүйесін дамытудың өзектілігі бірқатар факторлармен, соның ішінде 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу, мектеп түлектеріне қойылатын нарық талаптары, білім беру деңгейлерінің сабақтастығының қажеттілігі сияқты негіздермен түсіндіріледі», деп жазады басылым.

***

Сансыз тіршілік, байлық көзі ретінде қанша ғасырлар бойы жағалауындағы елдерді асырап келе жатқан кәрі Каспий экологиясының күрт нашарлап, адамзатты алаңдата бастағалы да біраз болды. «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қалай қорғаймыз?» атты мақалада теңіз деңгейінің қаншалықты тартылып, биоресурстарының қанша азайып бара жатқаны жайлы өткір мәселе талқыланады.

Еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов таяуда Қазақстанда медициналық емханалар көрсетілген қызметтер үшін төлем жасаудың жаңа жүйесіне көшетіні жайлы мәлімдеген болатын. Енді осы ретте ем-дом, ота жасау қызметі бағаларын әлемдік стандарттарға лайықтау деген мәселе өздігінен туатыны сөзсіз. Олай болса, «Ота жасау бағасын әлемдік деңгейге жеткізуге отандық хирургияның кадрлық және материалдық базасы дайын ба?» деген сауал да тіл ұшына оралады. Ал осы сауал «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі «Ой көкпар» айдарында мамандар талқысына салынған.

***

Қазақта «құрсағы алтын аналар» деген ұғым бар, ол өте көп сәбиге өмір сыйлаған асыл аналарға қатысты қолданылады. Өйткенімен сонша еңбек сіңірмесе де, бала тууын мемлекетке «ат басындай алтынға» бұлдаған әйелдер бар болып шықты. Бұл жайныда «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Бала туу да базарға айналғаны ма?» деген тақырыпта тарқатыла айтылған. «Сенаттың кешегі жалпы отырысында төбе шашты тік тұрғызған мәлімет жария етілді: небәрі 9 әйел 33 млрд. теңге «декреттік» төлем алыпты! Осыдан мемлекеттің өзі де шошынса керек, Үкімет осыған тосқауыл қоюға тиісті, әрі қатаң тыйым салу шаралары қарастырылған арнайы заңның жобасын Парламентке енгізген», - деп жазады басылым.