«Неге, неге» - «Пазик» автобуста туған ән болатын – сазгер Бекжігіт Сердәлі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Көпшілік ортада жиі айтылатын «Неге, неге» әні түркістандық композитор Бекжігіт Сердәлінікі болса, сөзін бүгінде жасы 80-нен асқан ақын Рахым Балабиев жазған.
«ҚазАқпарат» тілшісі ән авторларымен жолығып, әннің шығу тарихимен танысып келді.
«1998 жылдың қысы. Кентау қаласында тұратынмын. Сол жылы қыс қатты болып, қалада жарық та, жылу да түгел тоқтаған. Үй суық, Екі адамдық жалғыз кереуетте әйеліміз екеуміз 4 баланы ортаға алып, алты қабат ала көрпені жамылып, бүрсең қаққан бөбектерді таң атқанша құшақпен жылытып, дембіл-дембіл саусақтарын ыстық ерінмен үрлеп жататын заман. Түркiстанға барып жұмыс iстеуге тура келді. Бүгінгідей емес, таксидің қат кезі. Ескі шаһарға ескі «пазикпен» барасың. Бала кезден автобустың терезе жағына отырып алып, ұзақ жолда ойға батқанды жақсы көретінмін. Осындайда көбіне ыңылдаумен уақыт өтеді. Бірде жұмыстан қайтып келе жатып, автобус iшiнде көкейiме әуен келе қалмасы бар ма! Үйге келдiм де, нота білмегендіктен, ескі әдетпен әлгі әуенді дереу магнитофонға жазып қойдым. Жалпы, қай әнді жазсам да, осылайша «негіздеп» алатынмын. Содан арада бiраз уақыт, шашамен алты айдай мерзім өтiп кеткен болу керек, әлгi әуендi жазып қойғанымды ұмытып та кетiппiн» - дейді композитор Бекжігіт Сердәлі.
Содан арада біраз уақыт өткенде, Бекең құлағына келген таныс әуенге қайта-қайта елегзи түседі. «Қайда естiдiм, бұл кімнің әні?» деумен уақыт өткізеді. Есiне түсiре алмаса да, көпке дейін іштей «ыңылдап» жүреді.
«Демалыс күні магнитофонды қосып, шығармашылық жұмыспен айналыспаққа бекіндім. Әлгі «белгісіз» әуенді ыңылдап қоямын арасында. Ойпырмай-ай десеңші, магнитофон ішінде мен іздеген әуенiм тұр! Есіме сап ете қалды, автобустағы әуен, мен іздеген әуен! Дереу жаңа әніме сөз жазар ақын іздей бастадым. Махаббат әні болатыны сөзсіз. Кентауда ақын көп, бірақ маған өзі автотранспорт саласында қызмет етсе де махаббат лирикасын төгілтіп жазар Рахым Балабиев ұнайтын. Ол тұста Рахаңның 70-тен асып қалған шағы. Әйтсе де «махаббат тақырыбындағы әнге сөзді ғашықтық дертіне мас болып, күнде ғашықтық ғазалдарын тербеп жүрген жастау ақын жазу керек шығар» деген күмәнім де жоқ емес еді. Дегенмен, Рахым Балабиевке тоқтадым. Дереу телефон соғып, қарт ақынға болашақ әннің идеясын айттым. Ән сөзінің ішінде ынтызар сүйгеніне қолы жетпей қалған арманды жанның жүрек лүпіліндей болып «неге, неге» деген сөздер жүрсінші деп қолқа салдым» - дейді композитор.
Ал, Рахым Базаргелдіұлы жанына жақын тақырып болған соң болар, бірден келісім берген. Тіпті, арада жарты сағат өткенде телефон соғып, «Жазып ал, ән сөзі дайын!» депті.
«Дереу жазып алдым да, әуенге сала қойдым. Құйылып тұр. Әдетте ақын сөзін ән иіріміне келтіру үшін бірді-екілі тұсына азғана өзгеріс енгізетінсің, бұл жолы олай болған жоқ. Ән осы сөзге, сөз осы әнге арналып жазылғандай үйлесе кетті» - дейді Бекжігіт Сердәлі.
Ақ көңiлдiм, ақ арманым,
Не болып жүр саған, жаным?
Қаншама рет ойлансам да,
Құпияңды таба алмадым.
Неге, жаным, үндемейсiң?
Сенсiз күнiм түн дегейсiң.
Неге, неге қызғалдақтай,
Ажарланып гүлдемейсiң?
Түсiме де жиi енесiң,
Сүйем дейсiң, сендiресiң.
Неге, неге сезiмiңдi,
Жанбай жатып сөндiресiң?
Сенсiз атпас құба таңым,
Сенсiз қалай гүл атамын.
Жүрегiмнiң қалауы ма ең,
Неге сенi ұнатамын?
Өзiң едiң айбыным да,
Түсiрмешi қайғы-мұңға.
Кел, жүзейiк, келшi, құрбым,
Махаббаттың айдынында.