Негіздемесі жеткіліксіз болса, жаңа рұқсаттамалар шығаруға жол берілмейді - Б. Жәмішев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ендігіде жеткілікті түрде негіздеме болмаса, жаңа рұқсаттар шығаруға жол берілмейді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, үш бөлімнен тұратын заң жобасының қосымшасына 736 құжат еніп отыр, соның ішінде 703 рұқсат және 33 хабарлама бар. Тұтастай алғанда, заң жобасы арқылы елімізде жеткілікті негіздемесі жасалмаса, қандай да болмасын жаңа рұқсат берулердің пайда болуына жол берілмейді.
«Сөзсіз, алдағы уақытта елімізде рұқсаттар саны азаятын болады. Атап айтқанда, келесі жылдың 1 қаңтарына дейін біз «Өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы» заң жобасын ұсынатын боламыз. Осыған орай, рұқсат беру қызметінің бір бөлігі мемлекеттен алынып, бизнестің өзіне беріледі. Қысқарту негізінен осы тұрғыдан жүзеге асатын болады», - дейді Б. Жәмішев.
Министрдің сөзіне қарағанда, егер ұсынылған заң жобасы қабылданатын болса, оның негізінде рұқсаттарды реттеу әсеріне сараптама жасалады. «Яғни, бұл ретте қолданыстағы қандай да болмасын рұқсаттар тиімсіздігі нақты айқындалса, онда олар қысқартуға жатады», - деді Б. Жәмішев.