Негізгі дақылдарды субсидиялауға 35,2 млрд теңге қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Өңдеуші кәсіпорындар үшін бидайдың бағасы қолайлы және жеткілікті. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітілген нормалар бойынша субсидия негізгі дақылдардың 1 тоннасы немесе 1 гектары үшін төленеді. Бидайды қоспағанда, басым дақылдар өңірлерді мамандандыру схемасына сәйкес айқындалады. Бұл шаралар отандық өндіріс шикізатын өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға және экспортты дамытуға бағытталған, — деді Премьер-Министр.
Оның атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдар негізгі дақылдарды субсидиялаудың орындылығын өздері анықтайды. Қазіргі таңда негізгі дақылдар қатарында дәнді дақылдар, қарақұмық, майлы дақылдар және қант қызылшасы бар.
— 2024 жылы бидай өндірісі 19,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 64 пайызға артты. 3-4 сыныпты бидайдың үлесі 86 пайызға өсті. Өңдеуші кәсіпорындар үшін бидайдың бағасы қолайлы және жеткілікті. Биыл бидайдың ішкі бағасы тоннасына 95-105 мың теңге аралығында сақталып, егін жинауға жақындағанда 65-70 мың теңгеге дейін төмендеді. Бидайды субсидиялауға айтарлықтай қаржы шығыны керек. Ал негізгі дақылдарды субсидиялауға 35,2 млрд теңге қажет, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін еліміз жаңа нарықтарға 1,5 млн тоннаға дейін астық экспорттауды жоспарлап отырғанын жазған едік.
Мұнан бөлек, Қытай компаниялары еліміздің 3 өңірінде астық пен жүгері өңдейтін зауыттар салмақ.