Негізсіз үстемеақы, қате деректер көрсету, «өлі жандарға» жалақы аудару – білім беру ұйымдарындағы былықтар

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында мұғалімдердің еңбекақы қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемасын жария етті.

Париждегі Олимпиада ойындарын өткізуге Қазақстан делегациясына 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді
Фото: Kazinform

«Қазіргі уақытта министрлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шараларды іске асыруда. 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде министрлік агенттікпен бірлесіп, білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу тетіктерін әзірлеу бойынша ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (Жол картасы) бекітті. Сыртқы талдаудың қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында мұғалімдердің еңбекақы қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемасы ашылды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы жоспарлау кезінде негізсіз үстемеақылар белгілеу арқылы нормадан артық қаржы жоспарлау, сондай-ақ дұрыс емес деректемелер көрсету, оның ішінде басқа тұлғаның карт-шоты көрсетіліп үшінші тұлғаларға қаражат есептеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне жол берілгендігі белгілі болды. Осылайша, бюджеттен бөлінген қаражатты ұрлау жалған деректемелер бойынша (бір тұлғаның Т.А.Ә., төлем шоттарындағы басқа тұлғаның карт-шоты көрсетіле отырып) немесе үшінші тұлғаларға және «өлі жандарға» артық есептелгені анықталды», - деп атап өтеді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, осындай заң бұзу схемаларын жою мақсатында министрлік Қаржы министрілігімен және әкімдіктермен бірлесіп мынадай жұмыстар жүргізіп жатыр: 

1) «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау арқылы әрбір қызметкердің жеке сәйкестендіру нөмерін еңбекақы төлеу ведомостарында көрсетілген деректермен сәйкестігін автоматты түрде тексеру тәсілін енгізу; 

2) бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және бекіту процесін автоматтандыру, яғни білім алушылар контингенті бойынша мәліметтерді автоматты түрде салыстыру үшін қазынашылық ақпараттық жүйлерін «Ұлттық білім беру деректер базасы» ақпараттық жүйесімен (бұдан әрі – «ҰББДБ» АЖ) интеграциялау;

3) білім беру саласының қызметкерлері болып табылмайтын үшінші тұлғаларға қаражат есептеу тәуекелдерін болдырмау мақсатында «ҰББДБ» АЖ базасында білім беру саласында персоналды басқарудың бірыңғай автоматтандырылған электрондық жүйесін қалыптастыру.

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-тармағының 4-тармақшасына сәйкес педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде, оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді. Осылайша, мектептердегі мұғалімдерден қаражат жинау – бұл заңсыз әрекеттер. Мұндай фактілер туындаған кезде мұғалімдер білім беру саласындағы уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы», - деді вице-министр.