«Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» аталатын жаңа кітап жарық көрді

АЛМАТЫ. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Мұхтар Әуезовті оқимыз» деп аталатын халықаралық акция қорытындыланды.

«Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова»  аталатын жаңа кітап жарық көрді
ҚР Ұлттық кітапханасы мен Мұхтар Әуезов қоры ұйымдастырған бұл шарада «Олжас кітапханасы» баспа үйі» шығарған «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» кітабының тұсаукесері мен «Әлем таныған Әуезов» атты академиялық көркемделген кітап көрмесі өтті. Жаңа туындыда қазіргі зерттеушілер үшін М.Әуезовтің өмірі мен қызметіне байланысты бұрын белгісіз болып келген мұрағаттық құжаттар, сөйлеген сөздерінің стенограммалары, хаттамалар, ғылыми-педагогикалық қызметі жайлы құжаттар, сонымен қатар бұрын жарияланбаған жазушының Ғ.Мүсіреповке, Ә.Нұрпейісовке, Ә.Тәжібаевқа, Н.Ановқа жазған хаттары енгізілген. Бұл хаттарда жазушылардың шығармашылық мақам ерекшеліктерін ашатын қызықты дәл байқаулары берілген. Ал «Әлем таныған Әуезов» кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан әлем тілдерінде 1500-ден астам басылымдар ұсынылып отыр. Акция аясында М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі кештер, оқырмандар конференциялары, Мұхтар Әуезов оқулары, апталықтар, әдеби сайыстар, дәстүрлі және виртуалды кітап көрмелері және тағы басқа да шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Халықаралық акция қорытындысы бойынша ең қызықты және сәтті жобалар Мұхтар Әуезов қорының естелік сыйлықтарымен марапатталды. Жалпы «Мұхтар Әуезовті оқимыз» халықаралық акциясының мақсаты - Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы­на әлем елдері оқырмандарының назарын аударумен қатар, өскелең ұрпаққа жазушының өмірі мен әдеби шығарма­шылығын кеңінен таныстыру, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру арқылы отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл акция 2012 жылдың 21 қыркүйегі мен 2013 жылдың 25 қыркүйегі аралығында жүргізілген болатын. Онда ҚР Ұлттық кітапханасының сайтында (www.nlrk.kz) Акция күнделігі орналастырылып, пайдаланушылардың республика бойынша өткізілген іс-шаралар туралы ақпаратпен танысуына мүмкіндік берілді. Акцияға республиканың облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық кітапханалары, оқу орындарының кітапханалары және ТМД елдерінен Санкт-Петербордағы Ресей ұлттық кітапханасы, «Ата-Мекен» қазақ қоғамы, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасы, Украинаның ұлттық парламенттік кітапханасы, Беларусь ұлттық кітапханасы және тағы басқалар қатысты.