Неке кодексінің жобасы үшінші оқылымда талқыланатын болады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Кодекс жобасы неке және отбасы заңнамасын жетілдіру және ондағы олқылықтарды жою, сондай-ақ оның нормаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру қажеттілігіне байланысты әзірленген. Жаңа Кодекс жобасы 279 баптан тұрады. Құжатта «ерлі-зайыптылық», «әкесін, әкелігін анықтау», «суррогат ана», «қосалқы репродуктивті әдістер мен технологиялар», «бала асырап алу жөніндегі агенттіктер» деген ұғымдарға жаңа айқындамалар берілді.
Сол секілді жоба отбасы мен баланың мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар жаңа нормаларды қамтып отыр. Атап айтқанда, бұл нормалар заңмен қорғалатын, азаматтардың жеке және отбасы өмірінің құпиясын көздейтін жағдайларға сәйкес болып табылады. Сондай-ақ жобада бала асырап алу жөніндегі тарау елеулі түрде қайта өңделіп, онда асырап алушының құқықтары мен міндеттері және осы тәртіп бөлігіндегі жаңа нормалармен толықтырылды. Бұдан басқа, Қазақстанның өз ішінде бала асырап алуды ынталандыру мақсатымен бірқатар өзгерістер қамтылды. Мәселен, жобада қорғаншыларға (қамқоршыларға) ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы күтіп-бағуға арналған жәрдемақы тағайындау және төлеу тетігін әзірлеу туралы ұсыныстар көрініс тапты.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында палата депутаттары тарапынан 100-ден астам ұсыныстар келіп түскен. Бұдан бөлек жобаны талқылау барысында бірқатар толықтырулар енгізілу қажеттігі туындады. Осыған орай, аталған жоба үшінші оқылымға әзірленетін болып келісілді.