Нельсон Манделаның жесірі жарынан қалған мұрадан бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Африка Республикасының алғашқы қара нәсілді Президенті Нельсон Манделаның жесірі балалары мен немерелерінің пайдасына бола бөлінген мұрадан бас тартты, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Нельсон Манделаның жесірі жарынан қалған мұрадан бас тартты

1998 жылы Н.Манделаға тұрмысқа шыққан Граса Машелге мұраға қалған байлықтың тең жартысы, нақты айтқанда 46 млн. ранд (4,2 млн. доллар) тиесілі болатын. Өсиетхат ағымдағы жылдың ақпан айында таныстырылып, Машел үш айдың ішінде өз шешімін жария етуі тиіс еді.

Мозамбик президенті Самара Машелдің жесірі, Н.Манделаның үшінші әйелі Грасаның Мозамбикте төрт үйі, көлігі және құнды дүниелері бар. Ал өткен жылы желтоқсанда жарық дүниемен қош айтысқан Н.Мандела соңғы сәттерін өткізген Йоханнесбург түбіндегі қалашықтағы үйі отбасылық қорға өсиет етілген. Бірақ, Г.Машел аталған үйден қалаған өнер туындысын алуына болады.

Айта кетерлігі, Н.Мандела өз байлығын барлық туыстарымен бөліскенімен 38 жыл некеде болған екінші әйелі әрі жақтасы Винниге мұра ретінде ештеңе қалдырмады. Бірақ олардың ортақ қыздары Зенани мен Зинзи 3 млн. рандтан (270 мың доллар), ал олардың жеті баласы мен немерелері Зозукуға 100 мың рандтан (шамен 9 мың доллар) мұра қалды.

Н.Мандела Машел отбасын да назардан тыс қалдырмады. Мозамбик президентімен некеде туған Грасаның балалары Джосина мен Меланган 3 млн. рандтан (270 мың доллар) алатын болады.