Неліктен сырттан пилоттар тартылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда авиация саласында пилот тапшылығы байқалады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифингте айтты. 

Ел авиациясында пилот тапшы
Фото: @airastana

Министрдің айтуынша, елдегі авиация саласында 23 мың адам еңбек етеді. Жыл сайын салаға шамамен 500 маман қажет болады. Әсіресе пилоттарды даярлауда халықаралық сертификат алу мәселесі маңызды болып отыр.

— Бізде Азаматтық авиация академиясы бар, сол жерде сертификатталған мамандар даярланады. Оған қоса, келер жылдың қыркүйегіне дейін өзіміз сертификат беретін орталық ашамыз. Сонда авиация мамандарын екі жерде дайындаймыз, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Тілшілер сұрағына жауап берген министр қазақстандық мамандардың жаппай шетелге кетпегенін, керісінше, елде пилот жетіспегей, шетелдік мамандар тартылып жатқанын жеткізді.

— Қазір «Эйр Астанадағы» пилоттардың 40 пайызы немесе шамамен 300 адам — шетелдік мамандар. Егер елде жеткілікті деңгейде даярласақ, өз мамандарымызды алар едік, — деді министр.

Айта кетейік, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына бөлінетін грант саны жылдан-жылға артып келеді. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де 90% жеткен.

Сондай-ақ, Қазақстанда Авиациялық ғылыми-зерттеу институты құрылады.