Немістер Қазақстанда күн мен жел электр стансаларын салуға ниетті

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыровтың айтуынша, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында осы елдің баламалы энергетика саласындағы біраз компаниялары келді. "Олар жел мен күн энергиясы бойынша жұмыс істейді. Екі жақ ортақ жобаларды іске асыруға мүдделі. Қазіргі кезде ол жобаларды нақты қай жерде орналастыру және іскерлік байланыстарды қандай форматта жүргізу мәселесі талқыланып жатыр. Ең бастысы, екі жақ та әріптестік қарым-қатынасты жүргізуге ниетті. Мен дәл қазір ол жобаларды және оны іске асыратын компанияларды атап бере алмаймын. Біздің барлық бастамаларымыз іске асқанда белгілі болады", - дейді Қайыров.
Айта кетейік , бүгін Астанада Қазақстан мен Германия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіматаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Сол жерде ортақ жобаларды іске асыру мәселесі қаралды. Жаңа жобалардың ішінде Жамбыл облысының Қордай ауданында салынатын тау-кен комбинаты да бар .