«Немісті «үркіткен» Шардараға Даму банкі дамылдай ала ма?»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 16с-ы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Немісті «үркіткен» Шардараға Даму банкі дамылдай ала ма?»- республикалық  басылымдарға шолу

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ре­сей Федерациясының Прези­денті Дмитрий Медведевпен және Ресей Үкіметінің Төр­аға­сы Владимир Путинмен кез­де­су­лер өткізді. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Астана - Мәскеу: тұрақты байланыс әрдайым бар» деген тақырыппен беріліпті. «Ресейлік әріптесімен Завидовадағы, қала сыртындағы резиденцияда болған әңгіме кезінде экономикалық ынты­мақтастықты дамытуға қатысты екі жақ­ты қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Солар­дың арасында Жеңістің алдағы 65 жыл­дығы тақырыбы да сөз болды. Нұр­сұлтан Назарбаев Мәскеуге 9 Мамырды мерекелеуге қатысуға шақыруы үшін Дмитрий Медведевке алғыс айтты. Ол Екінші жаһандық соғыстың қорытын­дыларын ешқандай да тарихи қайта қарау болмауға тиіс деп мәлімдеді»,- дейді басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың «Ноғайлының рухани өмірі» атты мақаласы жарық көріпті. Аты айтып тұрғандай тарихтың терең қатпарына қайталай үңілген бұл мақалада Ноғайлы Ордасы туралы жаңа деректер сөз болады. « Бұрында да шамалаушы едім, тақырыпты нақты зерттеу үстінде Мұрын жырау аузынан жазылып алынған "Қырымның қырық батыры" ноғайлының саяси-әлеуметтік тарихының эпостық нұсқасы екеніне әбден көзім жетті. Міне, мұрағаттық-құжаттық, бұрын-соңды аталмыш тақырыпқа жасалған барлаулар мен зерттеулерді далалық тарихнама, шежіре, эпос-жыр деректерімен байытқанда өте бір қызғылықты да мағыналы еңбек боп шықты»,- дейді жазушы.

***

«Биылғы қыстың қаһары басқаны қайдам, көше кезген кезбелерге оңай тиген жоқ. күн жылыда тал-теректің түбін паналап, жертөлелерде сайран салып жүретін қаңғыбастар Астананы аяз қыса бастағаннан жым-жылас жоғалды. «Батырға да жан керек», бұл - олардың жылдағы әдеті. Бірақ қыр асып кеткен ешқаййсысы жоқ, олардың барар жер, басар тауы біреу-ақ. Астана қаласындағы белгілі тұрақғы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында дәл бүгінгі күні 200-ге жуық қаңғыбас тұрып жатыр. ... жақынырақ барып, орталық тұрғындарымен тілдескен біздер мұндағы 200 адамның 200 түрлі тағдыры бар екеніне көзіміз жетті...», -деп жазды «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі саны. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандардың бүгінгі жағдайымен танысқыңыз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Өмірдің өгей пендесі» деген мақалаға назар аударыңыз.

«Демографияға «дем салатындар» кімдер болуы керек?» осындай сауалға құрылған «Астана ақшамы» газетіндегі келесі мақала соңғы жылдары бала туу қарқынының бәсеңдеп бара жатқанын алға тартады. «Дабыл қағатын жайт: еліміз бойынша балалардың салмағы азайып барады. Жыл сайын бір реттік жәрдемақы мен бала бағу демалысының қаржысын қомақтылағанмен, бала туу қарқыны сын көтермей тұр»,-дейді басылым.

Сондай-ақ аталған басылымның бүгінгі санында «Айман апайдың арайы» атты мақала жарық көріпті. Мақалада белгілі ақын Нұрғожа Ораздың жан жары, қайраткер ұстаз Айман Қожахметова туралы сөз болады.

***

«Үкіметтің кешегі отырысы әдеттегісінен өзгешелеу болды. Алдымен үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты республикалық басқару орталығының алғашқы отырысы өтті. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аталмыш жобаның орындалуы туралы министрлердің қысқа-нұсқа есебінен кейін ғана әңгіменің ауанын селекторлық отырысқа қарай бұрды»,- деп жазады «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны. Отырыстың егжей-тегжейін газеттегі «Немісті «үркіткен» Шардараға Даму банкі дамылдай ала ма?» деген тақырыппен берілгенмақаладан оқи аласыздар.

Бүгінде еліміздегі мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерімен қамтылу деңгейі 36,5 пайызды құрайды екен. әлі де болса, 240 мың бүлдіршін кезекте «өз балабақшасын» күтіп тұр. Осы орайда шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, «Балабақша мәселені әрбір мекеме жанынан балабақшалар ашу арқылы шешуге бола ма?» деген сұрақ туады. Бұған танымал адамдарымыз не дейді? «Алаш айнасы» газетіннің «Ой-көкпар» айдарында «Руханият» партиясының жетекшісі Алтыншаш Жағанова мен «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдәқызы аталған тақырып төңірегінде пікір таластырыпты.

«Алаш айнасы» басылымының тұрақты «ДАТ» айдарында мүгедек жандардың тағдыры сөз болыпты. «Қоғамымызға мүгедек жандарға деген түсіністік, мейрім, қайырымдылық жетіспей жатыр. Олар да - қоғамның толыққанды мүшесі, толық құқықтар мен еркіндіктерге ие. Сондықтан да оларды қоғам өміріне барынша тартатын, адами потенциалының ашылуына мүмкіндік беретін қоғамдық көзқарастар жүйесін қалыптастыруымыз керек»,-дейді «Қазақстан мүгедектер ұйымы» одағының төрағасы Әли Аманбаев газеттегі сұхбатында.