Немістің Дуйсбург қаласында өткен «Махаббат шеруі» атты акция 17 адам үшін өліммен аяқталды

АСТАНА. Шілденің 26-ы. ҚазАқпарат - Немістің Дуйсбург қаласында өткен «Махаббат шеруі» атты музыкалық фестивальдің соңының апатқа жалғасуына байланысты, мерт болғандар саны күн өткен сайын өсе түсуде. Соңғы мәліметтерге қарағанда 17 адам мерт болып, 80 адам жарақат алған. Ал бұған дейін апат зардабынан опат болғандар саны 15 адам, ал жарақат алғандар 45 адам делініп келген болатын. Бұл жөнінде Associated Press хабарлайды.

Немістің Дуйсбург қаласында өткен «Махаббат шеруі» атты акция 17 адам үшін өліммен аяқталды

Белгілі дереккөздерінің айтуынша, шара өтіп жатқан жерге барар жолда, яғни темір жол стансасының жүк пойыздар тұратын жерасты тұрағында адамдарды жаншу орын алған. Полицияның мәлімдеуінше, мұнда Еуропаның барлық түкпірінен 1,4 млн. адам жиналған. Сондықтан да адамдардың зардап шеккендігі туралы алғашқы ақпарат алынғанымен билік фестивальді бірден тоқтатудан бас тартқан. Өйткені, олар адамдардың мұнан да көп зардап шегуі мүмкін екендігінен қорыққан. Құтқарушыларға да оңай болмаған. Қалың көпшіліктің ортасын жарып өтіп, зардап шеккенге қол ұшын беру, әрине оңай болмаған.

«Махаббат шеруі» » (Love Parade) атты музыкалық фестиваль Германияда 1989 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәл осындай мерекелік шоулар Цюрих, Акапулько, Сан-Франциско, Вена, Тель-Авив, Кейптаун, Рио-де-Жанейро, Осло және Будапешт қалаларында да өткізілуде.